Accessibility links

Атырауда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған азаматқа үкім шықты


Атырау соты. Көрнекі сурет.
Атырау соты. Көрнекі сурет.

Бүгін, 19 қаңтар күні Атырау қалалық №2 сотында Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған Ерлан Дәулетияровқа қатысты сот үкімі шықты. Оның ісі Қаңтар бойынша айыпталған 27 адамның сотынан бөлек қаралған. Сот прокуратурамен процестік келісім жасасқан Дәулетияровқа бір жыл шартты жаза берді.

Ерлан Дәулетияров «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «билік өкіліне күш қолданды» деп айыпталған. Іс материалдарында оның "полиция қызметкерін" ұрғаны айтылады. Сотта Дәулетияров тағылған айыптарды мойындап, процестік келісім жасауды сұраған. Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан полицей де, прокурор да қарсылық білдірмеген.

Прокурор Абадан Мамыров бұған дейін процестік келісім аясында айыпталушының қылмыстық әрекетін қайта саралап, «күш қолдану арқылы жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және «билік өкіліне қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш қолдану» айыптарын өзгертіп, «билік өкіліне қауіпті емес күш қолдану» айыбына өзгертіп, жаңа айыптау актісін жасақтаған. Кейін іс осы айыптармен қаралды.

Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыға «билік өкіліне күш қолдану» айыбы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрап, рақымшылық жасау заңы аясында жазадан босатуды; ал «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» айыбы бойынша 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, рақымшылықпен бұл жазаның 3/4 бөлігіне дейін қысқартып, бір жыл мерзімге шартты жаза тағайындауды сұрады. Судья Зәуре Қазақбай прокурор сұраған жазаны берді.

Сотта Дәулетияровтың 5 қаңтар күні сағат 14.30 шамасында Атырау облысы әкімдігі ғимаратының алдында "жаппай тәртіпсіздікке қатыcып, полиция қызметкеріне қатысты күш қолданып жатқандарды көріп, жұдырығымен жәбірленушінің бет тұсына бір рет соққы жасағаны және өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны" айтылды.

Кәмелетке толмаған бес баланың әкесі бұған дейін іздеуде болған. Сот процесі былтыр 1 қарашада басталды.

Атырауда қазір бұдан бөлек 27 адамның соты өтіп жатыр. Оларға да үкім жақында шығуы тиіс. Бұл іс бойынша 115 жәбірленуші бар. Сот отырысының бірінде жәбірленуші ретінде танылған полицейлер "оқиға кезінде қатты зардап шекпегендерін" айтқан соң айыпталушыларға тағылған кейбір айыптар жеңілдеген. Мұнда да айыпталушылар "айыптарын мойындап", прокурормен процестік келісім жасасуға "келіскен". Бұл істе де прокурор процестік келісім аясында жаңа айыптау актісін жасақтап, жазаны жеңілдетуді сұраған.

Былтыр қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.

Бас прокуратура мәліметінше, Қаңтар оқиғасына қатысты 1200-ден астам адамға үкім шыққан. 160 адамға түрме жазасы берілген. Бұған дейін ведомство өкілдері түрме жазасын алған кемінде 102 адамның рақымшылыққа ілінетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG