Accessibility links

Кремль баспасөз хатшысы: Путин Назарбаевқа операциядан кейін тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Кремльдегі кездесу кезінде. Мәскеу, 10 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Кремльдегі кездесу кезінде. Мәскеу, 10 наурыз 2020 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин жүрегіне операция жасатқан бұрынғы әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бұл жөнінде Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа сүйенген ресейлік БАҚ хабарлады.

"Президент [Путин] Нұрсұлтан Назарбаевқа тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Естуімізше, ол жүрегіне операция жасатқан. Біз, Мәскеудегілер оның тезірек жазып кетуіне тілектеспіз" деді Песков. Оның сөзінен "РИА Новости" үзінді келтіреді.

20 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев жүрегіне операция жасатқанын мәлімдеген. Оның алдында "Хабар" агенттігінің бұрынғы басшысы Александр Аксютиц Facebook парақшасында Назарбаевтың Астанадағы ауруханалардың біріне жатқызылғанын, дәрігерлер экс-президенттің жүрегін тексеріп жатқанын хабарлаған.

Жұма күні журналистердің сұрақтарына жауап берген ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия бойынша директоры Юрий Пя операцияның 2,5 сағатқа созылғанын, Назарбаевтың жүрегі жақсы екенін мәлімдеді.

"[Оның жүрегінің] әлі ұзақ істейтініне сенімдімін. Кардиостимулятор қажет болған жоқ" деді хирург.

Астанадағы кардиохирургия орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық Назарбаев тапсырмасымен ашылған. Ресми сайтында ол жүректі емдейтін Орталық Азиядағы жетекші орталықтардың бірі ретінде көрсетілген.

2020 жылы Назарбаев коронавируспен ауырған. Баспасөз хатшысының айтуынша, ауру жеңіл өткен. 2011 жылы президент болып тұрған кезде Назарбаев ресми мәлімет бойынша, медициналық тексерістен өту үшін Германияға барған. Ал неміс ақпарат құралдары ол кезде Назарбаевтың қуықасты безіне операция жасатқанын хабарлаған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған авторитар басшы 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен.

XS
SM
MD
LG