Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Мельбрунде өтіп жатқан Australian Open жарысының төртінші кезеңінде әлемнің бірінші ракеткасы, жарыс фавориті Ига Швентекті (Польша) жеңіп, ширек финалға шықты - 6:4, 6:4. Матч бір жарым сағатқа созылды. Ойын алдында букмекерлік кеңселер Швентек жеңіске жетеді деп болжаған еді.
Әлемнің 22-ракетасы Рыбакина матчтан соң "Қиын ойын болды, Иганы қатты құрметтеймін, оның соққылары мықты. Ал мен қиын сәттерде жақсы ойнадым деп ойлаймын. Бұл - үлкен жеңіс" деді.
Рыбакина бұл турнирдің ширек финалында алғаш рет ойнайды. Қарсыласы Елена Остапенко (Латвия)болмақ.
Рыбакина былтыр Лондонда өткен Wimbledon жарысында жеңімпаз атанған. Ол - Grand Slam жарыстарында жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық теннисші.
Швентекпен жеңістен кейін Рыбакина "[Wimbledon жарысындағы] жеңістен соң Қазақстан көп қолдау алды, көп адам мені қолдап, жарыстарымды көре бастады. Жеңістен соң [Қазақстанға] барғандағы қолдау керемет болды. Мені қолдайтын барлық жанкүйерге алғыс айтамын" деді.
Рыбакина карьерасының басында Ресей атынан жарыстарға қатыспақ болған. Бірақ 2018 жылы маусымда Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен (федерацияны қазақстандық миллионер Болат Өтемұратов басқарады) Қазақстан азаматтығын алған.
Australian Open, Wimbledon, Парижде өтетін Roland Garros және Нью-Йоркте болатын US Open турнирлері теннистен қаржылық сыйақысы көп беделді Grand Slam жарыстарының қатарына енеді.
ПІКІРЛЕР