Американың Калифорния штатының Монтерей-Парк қаласындағы атыстан кемі он адам мерт болып, тағы соншасы жараланған. 72 жастағы күдікті азамат өз-өзіне қол салған.
Би студиясында болған атыстан қаза тапқандардың бесеуі – әйел, бесеуі – ер адам. Би инструкторларының сөзінше, қаза болғандар – 50-60 жас аралығындағы адамдар. Тағы кемі он адам жарақат алған, олардың жетеуі жергілікті ауруханада жатыр.
72 жастағы күдікті Хуу Кан Транның мәйіті көршілес Алхамбра қаласындағы фургоннан табылған. Күдіктімен арадағы бірнеше сағаттық қарулы қақтығыс тікелей эфирден көрсетілді. Хуу Кан Тран өзін-өзі өлтірген. Қылмыс не себепті болғаны әзір белгісіз, тергеу жалғасып жатыр.
Полицейлер мен жергілікті саясаткерлер қақтығыс кезінде күдіктінің қолындағы тапаншаны тартып алған адамдарға алғыс айтты. Полиция Алхамбра қаласындағы би студиясына да шабуыл жоспарланған болуы мүмкін деп отыр. Күдіктінің екі тапаншасы табылған, оның бірі Калифорния штатында заңсыз қару деп танылған.
Монтерей-Парк пен Алхамбра – Лос-Анджелестің шетіндегі қалалар. Онда негізінен Азия елдерінен шыққандар тұрады. Азия елдерінде осы күндері тойланатын Жаңа жыл мерекесіне мыңға жуық адам жиналған. Монтерей-Парктегі куәгерлерлердің сөзінше, қыдырып жүргендер атылған оқтың дыбысын әуелі отшашу екен деп ойлаған.
АҚШ-та азаматтардың елге қарата оқ жаудыруы жиі кездесетін жайтқа айналды. Бұл оқиғалар тізбегі қару ұстау құқығы туралы талқыға түрткі болып отыр. Елдің заңы бойынша, азаматтар суық қару ұстауға құқылы және конституцияда белгіленген негізгі құқықтарының бірі деп біледі. Осы секілді шабуылдан кейін қару ұстауды бақылау керек деген үндеулер көп айтыла бастады.
ПІКІРЛЕР