Accessibility links

Джейми Флай: Азаттық радиосы қырғыз аудиториясына қызмет ете береді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Қырғызстанда сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медиа" сайтын жабу туралы шағым түсірілгеніне пікір білдірді. Флай Қырғызстандағы Азаттықтың жұмыс істеуі үшін корпорация барлық заңды жолды пайдаланатынын айтты.

"Азаттық радиосы мен оның тәуелсіз репортаждарына жалғасып жатқан заңсыз шабуылдарды мойындамаймыз. Қырғызстан билігі қандай шара қолданса да, біз қырғыз аудиториясына қызмет ете береміз" деді Флай.

Бұған дейін Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Ленин аудандық сотына Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсіргені белгілі болды.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, талапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген. Сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG