23 қаңтар күні Атырау қаласының №2 сотында "Дорожный контроль" ақпарат порталының тілшісі Олеся Вертинскаяға жасалған шабуылға қатысты "бұзақылық" бабы бойынша істі қарауды бастады.
Іс бойынша 23 жастағы Әлібек Меллятов деген бұрын сотталмаған жергілікті тұрғын айыпталып отыр. Ол кінәсін түгел мойындап, сотта жәбірленуші Вертинскаядан кешірім сұрады. Бұдан бөлек, адвокатымен бірге процессуал келісімге келуге өтініш білдірді.
Бірақ Олеся Вертинская айыпталушы "шабуылға кім тапсырыс бергенін айтқан жағдайда ғана кешіретінін" мәлімдеді. Оның айтуынша, өзін соққыға жықпас бұрын ол Меллятовты білмеген және араларында ешқандай жанжал болмаған. Сотталушы Меллятов өзіне ешкім тапсырыс бермегенін, бұған дейін Вертинскаямен араздасып қалғанын алға тартып, артынан аңдып барып, соққыға жыққанын айтты.
Оқиға былтыр 19 шілдеде болған. Вертинская қаладағы үйінен шыққан кезде белгісіз бір жігіт келіп, көмек сұраған. Артынша бетінен ұрған, құлап қалған Вертинскаяны тебе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам оны арашалап, жәбірленушінің ұлы жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Компьютерлік томография Вертинскаяның мұрны сынғанын анықтаған. Олеся Вертинская полицияға шағым түсірген.
Сотта сот-медицина сараптамасы Вертинскаяның денсаулығына бес пайыз зиян келгенін және жеңіл жарақат алған деп көрсеткені айтылды. Вертинская сотта бұған келіспейтінін, өзіне орташа дәрежедегі жарақат келді деп есептеп, жарақатының зардабын әлі көріп келетінін, түнде аузын ашып ұйықтауға мәжбүр екенін алға тартты.
Судья Зәуре Қазақбай тараптар процестік келісімге келуге 3 ақпанға дейін уақыт беретінін, егер келісімге келмесе, іс сол күні жалғасатынын айтты.
Олеся Вертинская өзіне жасалған қастандықты кәсіби қызметімен, әсіресе Қаңтар оқиғасымен байланыстырады.
Ол былтыр ақпан айында Қаңтар оқиғасы кезінде "кәсіби міндетін атқарғаны үшін ұсталғанын, полицейлер оны тергеп, қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсағанын" айтқан. Сол кезде оның үстінен "бейбіт жиынды өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін құқық бұзу құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылған.
Бұдан соң Вертинская Қаңтар кезінде өзіне қоқан-лоқы көрсеткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен және "Динамо" спортзалындағы "азаптау" бабы бойынша арыз берген.
Ол "Динамода" өзін бір қызметкер аяқпен тепті, басынан ұрып, қылмыскер сияқты қабырға тақады, желке тұсынан "сені атып тастау керек" деп қайталай бергенін айтты. Вертинскаяның айтуынша, берген арызы бойынша іс видеожазба секілді дәлелдердің болмауына байланысты "қызмет өкілеттігін асыра пайдалану" бабымен қайта сараланып, қаралған. Алайда былтыр 30 желтоқсанда тоқтатылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс қылмыс құрамы болмағанына байланысты тоқтатылған деп жауап берген. Вертинская қолында полицейлер қоқан-лоқы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтқаннан кейін ол облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың қабылдауында болған. Жұмақанов бұл видеоны көрмегенін және істі қайта қарауға тапсырма бергенін айтқан. Содан бері ешқандай жауап болмаған.
ПІКІРЛЕР