Accessibility links

Астана ауған әйелдеріне білім беру бағдарламасын одан әрі іске асырмақ 


Ауған студенттері
Ауған студенттері

Қазақстан Ауғанстан әйелдеріне білім беру бағдарламасын жандандыруға дайын, бұл туралы дүйсенбідегі брифингіде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

"Ауған билігі мен осы бағдарламаны қаржыландыратын Еуроодақ келісімге келді. Жақын уақытта бағдарлама жанданады" деді Смадияров. Бірақ ауған әйелдеріне бөлінген грант санын нақтылаған жоқ.

Ауғанстан студенттеріне арналған білім беру бағдарламасын жандандыру мәселесі 19-20 қаңтар күндері Брюссельде өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің үшінші отырысында көтерілді. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев Қазақстан ауған халқына көмектесетінін және қазақстандық жоғарғы оқу орындары ауған студенттеріне білім беруге белсенді атсалысатынын атап өтті.

Былтыр желтоқсанда Ауғанстанда қыз балалардың университетте оқуына тыйым салынды. Тыйым мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарына да қатысты. Тәліптер билікке келгенде елдегі әйелдер құқығын қорғауға уәде берген, алайда көп ұзамай шектеу түрлерін енгізе бастады. 2021 жылғы қыркүйекте "университеттерде әйелдер мен ерлер бөлек оқуға тиіс" және олар "тәліптердің түсінігіндегі дінге сай киінуі керек" деген жаңа ереже енгізді.

Көп ұзамай елдегі 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әйелдер ісі жөніндегі министрлік жабылып, қыздардың мектепте оқуына шектеу қойылды, әйелдердің спортпен шұғылдануына тыйым салынды, тележүргізушілерге хиджаб кию міндеттелді.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, 2019 жылы Еуропа одағы БҰҰ Даму бағдарламасы аясында ауған әйелдерінің Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Қырғызстанда, Тәжікстанда және Түркіменстанда арнайы мамандықтар бойынша білім алуына 2 миллион еуро қаржы бөлген.

"Талибан" қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Астана тәліптер билікке келгеннен кейін 2021 жылы Кабулға президенттің арнайы уәкілінің жетекшілігімен ресми делегация жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG