Accessibility links

Германия Украинаға "Леопард" танкілерін беруге келісті


Германия Украинаға "Леопард" танкілерін беруге келісті. Бұл жөнінде Der Spiegel басылымы мен немістің N-tv телеарнасы хабарлады. Вашингтон да Киевке "Абрамс" танкілерін беру мәселесін қарастырып жатыр.

Германия ақпарат құралдарының мәліметінше, Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға "Леопард" танкілерінің соңғы үлгілерін жіберуді жөн көрген. Мәселе кемінде 14 техника жөнінде болып отыр.

Берлин сонымен бірге өзге елдерге де неміс танкілерін беруге келісім береді, себебі шарт бойынша басқа елдер өндірушінің рұқсатынсыз техника бере алмайды.

Бұған дейін Берлин рұқсат берсе, Украинаға "Леопард" танкілерін жеткізетінін Польша, Нидерланды, Испания мәлімдеген. Олардың қатарына Италия, Дания, Финляндия да қосылуы мүмкін.

Украина билігіндегі дереккөзге сүйенген ABC арнасының хабарлауынша, Киевке "Леопард" танкілерін 12 ел беруге келіскен. Берілетін танкілер саны жүзге жетіп жығылады.

24 қаңтарда The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Украинаға "Абрамс" танкілерін беруге ұйғарды деп жазған. Sky News Arabia АҚШ Украинаға 10 танк беруі мүмкін екенін жазса, Politico мәселе 30 шақты машина жөнінде болып отыр деп хабарлады.

Берлин мен Вашингтон танк беретінін ресми түрде 25 қаңтарда жариялауы мүмкін.

  • Oryx зерттеу жобасының есебінше, 2022 жылдың ақпанынан бері Украина соғыста кемінде 449 танкісін жоғалтқан. Украина армиясы Батыстан соңғы үлгідегі жүздеген танк сұраған. 20 қаңтарда Пентагон басшысы Ллойд Остин одақтастарын украин армиясына танкілерді тезірек жіберуге үндеп, асықтырған.
  • Associated Press агенттігінің жазуынша, танк жеткізу процесі айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, экипаждарға оларды басқарып үйрену үшін де ұзақ уақыт керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG