Қырғызстанда "Ұрлық" бабы бойынша үстінен іс қозғалған айтыс ақыны Болат Назаров қамаудан босап шықты. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Шу облысы Мәскеу ауданының соты тараптардың мәмілеге келуіне байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.
Жәбірленушілер соттың бұған дейінгі отырыстарында Болат Назаровқа ешқандай шағымы жоғын бірнеше рет айтқан. Соған қарамастан, күдікті шамамен үш ай қамауда отырды.
Бұның алдында мемлекеттік айыптаушы Назаровты 10 жылға соттауды сұраған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, былтыр 7 қарашада Беловодское ауылының бір тұрғыны милицияға шағымданып, Назаров "кәмелет жасына толмаған баладан тайын суретке түсу үшін бере тұруын сұрап, сосын оны күшпен тартып алып, белгісіз жаққа шауып кеткен". Милиция Болот Назаровты ұстап, тергеу изоляторына қамаған.
Жақтастарының айтуынша, Назаров қамалмай тұрып, бір "ат мінгізетін" тойға баратынын айтып кеткен. Олар милицияның мәліметін жоққа шығарып, істің саяси астарын айтқан, адвокатты Назаровқа кіргізбегенін хабарлаған.
Болат Назаров бұған дейін де ұсталған. 2022 жылы қаңтарда құқық қорғау органдары оны журналист-зерттеуші Болат Теміровпен бірге ұстаған, бірақ ол күні Назаров үйқамаққа босатылған еді. Ұсталғандарға "есірткіні заңсыз сақтау" бойынша айыптар тағылды. Кейін Теміров ақталып шықты.
ПІКІРЛЕР