Accessibility links

2022 жылы Украинада соғыстан хабар таратқан 15 журналист қаза болды


Бахмуттан ақпарат таратып жүрген AFP тілшісі. Украинаның шығысы. 31 шілде, 2022 жыл.
Бахмуттан ақпарат таратып жүрген AFP тілшісі. Украинаның шығысы. 31 шілде, 2022 жыл.

2022 жылы әлемде кемінде 67 журналист опат болған, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 50 пайыз көп және 2018 жылдан бері тіркелген ең көп көрсеткіш. Журналистерді қорғау комитетінің баяндамасында осындай мәлімет айтылады.

CPJ мәліметінше, Украинада кәсіби міндетін атқару кезінде 15 журналист қаза болған. Есепке қарағанда, 13-і репортаж жүргізіп немесе жаңалықтарға ақпарат жинап жүрген кезде мерт болған.

Ұйымның мәліметіне қарағанда, ақпарат құралдары өкілдерінің дені соғыс басталған кезде қаза болған. Ең кейінгі жағдай 2022 жылы мамырда тіркелген. Сол кезде Ресей бомбалаған елді мекендерден бас сауғалаған украиндермен бірге гуманитарлық автобуста кетіп бара жатқан француз операторы Фредерик Леклерк-Имхоффке оқ тиіп, ол ізінше қайтыс болды.

Қазір Украинаның жекелеген аудандарында жағдай әлі де қауіпті: журналистер соғыстан ақпарат таратып жүріп, жиі жарақат алады. Кейбірі орыс әскерінің өздерін әдейі нысанаға алғанын айтады.

2022 жылы журналистер үшін ең қауіпті аймақ ретінде Латын Америкасы танылды. Мұнда 30 журналист опат болған. 13-і – Мексикада, жетеуі Гаитиде, төртеуі Бразилия, Чили, Колумбияда, алтауы Эквадор, Гватемала, Гондурас және Парагвайда тұрған. Олар қылмыс, жемқорлық, бұзақы топтар, экология мәселелерін қозғаған.

XS
SM
MD
LG