Accessibility links

Украинаның барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Киев пен Одессада жарылыс болды


Киевте ракета құлаған жерде пайда болған шұңқыр.
Киевте ракета құлаған жерде пайда болған шұңқыр.

26 қаңтарда таңертең Украинаның барлық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Украина билігі дрондардың түнгі шабуылынан кейін Ресей әскері таңертең тағы да ракеталармен шабуыл жасағанын хабарлады.

Киев пен Днепропетровск облыстарында жарылыс болғаны хабарланды. Бұған қоса, Одесса және Винница облыстарында жарылыс болған. Киев мэрі Виталий Кличко Украина астанасында жарылыс болғанын хабарлап, жұртты көшеге шықпауға үндеді.

Киевтің Голосеевский ауданына ракета құлап, кемінде бір адам қаза болған. Билік зардап шеккендер де барын хабарлады.

Бірнеше облыста ракета шабуылы қатеріне байланысты жарық сөндірілген. Одесса, Кривой Рог және өзге қалаларда электр көлік түгел тоқтатылған. Одесса облысында билік екі маңызды нысан қирағанын хабарлады.

Ақпарат құралдарында Ресей әскері Каспий теңізі аумағынан қанатты зымырандар жіберген болуы мүмкін деген хабар пайда болды. Ақпарат әзір расталмады, терістелген де жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі жаңа шабуылдарға түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Ресей Украинаны 14 қаңтарда ракетамен атқылаған. Ракеталардың бірі Днепрдегі тұрғын үйлердің біріне түсті. Кемінде 40 адам опат болған. Ресей қорғаныс министрлігі 14 қаңтарда Украинаның "әскер басқармасы жүйесіне" соққы жасалғанын мәлімдеді.

  • Украина әскерінің әуе күштері басшылары 26 қаңтарға қараған түні жіберілген барлық 24 дрон атып түсірілгенін айтты. Алайда Днепрде, қала билігінің айтуынша, бір дрон өнеркәсіп нысанына түскен.
  • Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Украинаның әуе кеңістігінде алғаш рет Ресей ракетасы атып түсірілгенін хабарлады. Бұл ақпарат әзірше расталған жоқ. Соғыс кезінде тараптар өзінің жеңісін ұлғайтып, қарсы жақтың жетістігін азайтып көрсетуге бейім.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG