Accessibility links

Көп күттірген қонақ. Мирзияев Бішкекке не үшін барды?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевты (сол жақта) Бішкекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) күтіп алды. 26 қаңтар, 2023 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевты (сол жақта) Бішкекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) күтіп алды. 26 қаңтар, 2023 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 26 қаңтарда Бішкекке екі күндік ресми сапармен барды. Бұл – Өзбекстан президентінің Қырғызстанға екінші сапары. Мирзияев Бішкекке алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте барған, сол кезде тараптар бұл сапарды "қырғыз-өзбек қарым-қатынасының жаңа дәуіріне жол ашатын тарихи оқиға" деп бағалаған. Одан бері Қырғызстан мен Өзбекстан арасы суыған жоқ. Бұған қоса тараптар екіжақты қарым-қатынастағы ең бір даулы тақырып – шекара мәселесін шешіп алды.

КЕЙІНГЕ ҚАЛҒАН САПАРЛАР

Қырғызстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, қос мемлекет басшысы жеке және кеңейтілген форматта стратегиялық әріптестік, достық пен бауырластықты ары қарай дамыту жоспарын талқылайды. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.

Өзбекстан президенті келмей тұрып, қос мемлекет кәсіпкерлерінің байланысын нығайтуға арналған Қырғызстан-Өзбекстан бизнес форумы өтуі керек еді. Бұл шарада Мирзияевтың сапары күні, 26 қаңтарға шегерілді.

Әуеліде Мирзияев Бішкекке желтоқсанның бірінші жартысында барады деп айтылған. Ол кезде Бішкекте Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өткен. Бірақ 9 желтоқсанда Мирзияев Қырғызстанға бармады. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "Өзбекстан басшысы 2022 жылдың аяғына дейін келеді" деп хабарлаған, бірақ Мирзияев көршісін тағы күттіріп, төбе көрсетпеді. Ресми ақпарат бойынша, президенттің сапары Өзбекстандағы ауа райына байланысты кейінге қалған.

Осыдан кейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Мирзияевтың қашан келетіні туралы болжам жасауды қойды. 19 қаңтарда сыртқы саяси ведомство басшысы Жээнбек Кулубаев Өзбекстан президенті "жақын арада" келетінін мәлімдеді. Президент әкімшілігі Мирзияев келерден екі күн бұрын ғана "Көрші мемлекет басшысы 26 қаңтарда келеді" деп жариялады. Бішкектің дерегінше, Мирзияевтың сапары екі күнге созылады.

Садыр Жапаров (оң жақта) Шавкат Мирзияевті (сол жақта) күтіп алған сәт. 26 қаңтар 2023 жыл.
Садыр Жапаров (оң жақта) Шавкат Мирзияевті (сол жақта) күтіп алған сәт. 26 қаңтар 2023 жыл.

Желтоқсанда Қырғызстан Өзбекстан президенті келеді деп күткенде, "Кемпірабад ісі" бойынша қамалған белсенділер мен саясаткерлер мәселесі резонанс туғызып, қоғам толқып отырған. Кемпірабад суқоймасының жерін Өзбекстанға беру Бішкек пен Ташкент арасындағы шекараны белгілеу туралы келісімнің негізгі талабы болды. Бұл Қырғызстан халқының наразылығын туғызды. Кей сарапшылар Мирзияевтың Бішкекке жоспарланған сапарын кейінге қалдыруын қоғам наразылығынан көрді.

Халықаралық қатынастар бойынша өзбекстандық сарапшы Рафаэль Саттаров та Мирзияевтың Қырғызстанға келуге асықпауын "Кемпірабад ісімен" байланыстырады.

– Біріншіден, Өзбекстан президенті не елде, не шетелде өзін қандай да бір мәселемен байланыстырғысы келмейді. Яғни ол саяси дағдарысқа себеп болып, көрші мемлекетке сапары демонстрацияға ұласқанын қаламайды. Екіншіден, бұған дейін Жапаров пен Мирзияев "Шекара мәселесі 100 пайыз шешілді" деп жар салды. Олар келісімге қол қою рәсімі салтанатты түрде өтеді деп ойлады. Қазір Қырғызстанда "Кемпірабад ісі" қызу талқыланып жатыр. Сондықтан Ташкент асықпай, президент сапарын кейінге қалдыруды шешкен, – деді Саттаров.

Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров Мирзияев сапарының датасы жарияланбай тұрып Азаттыққа берген пікірінде "Ташкент шекара мәселесіне қатысты наразылық басылсын деп, Бішкектен белгі күтіп отырған болуы мүмкін" деп топшылаған.

– Өзбекстан тарапы Мирзияевты Бішкекте наразылар тобы күтіп алмасын деп, Қырғызстаннан "Кемпірабад мәселесі тыншыды" деген белгі күтіп отырған сияқты. Бұл мәселенің ұзаққа созылу себебі – осы деп ойлаймын, – деген еді Умаров.

НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ – ШЕКАРА

Қарашада Қырғызстан мен Өзбекстан 30 жылға созылған шекара мәселесі шешілді деп мәлімдеген. Тараптар 312 шақырым мемлекеттік шекараның белгіленбеген 15 пайызы бойынша келісімге келген.

Қырғызстан мен Өзбекстан парламенті жеті маңызды аспектіден тұратын келісімді мақұлдаған. Оның ішінде су ресурстары, жайылым жерлері мен стратегиялық нысандар мәселесі бар.

29 қарашада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері және Кемпірабад суқоймасының ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі келісімдерді ратификациялау туралы заңдарға қол қойды. 30 қарашада Шавкат Мирзияев та дәл осындай құжат қабылдады.

Бішкек пен Ташкент қол қойған келісімге сәйкес, Кемпірабад суқоймасы орналасқан 4485 гектар аумақ пен бөгет жұмысын қамтамасыз етуге және күзетуге бөлінген 19,5 гектар жер Өзбекстанға өткен.

Қырғызстан суқоймасының сол жағалауындағы құрылысы аяқталмаған Кемпірабад каналы үшін өтемақы ретінде "Гавасай" учаскесінен 12 849 гектар жер мен 1019 гектар жайылым алған. Қырғызстан дерегінше, 1965 жылы өтемақыға берілген учаскелерді қосқанда, Бішкек жалпы есеппен 19 мың гектар жерге қол жеткізген.

Қырғызстан мен Өзбекстан билігі бұл келісімдерді көп жылғы келіссөздер нәтижесі деп атайды. Өзбекстанда шекара мәселесі қоғам деңгейінде талқыланбайды, ал Қырғызстанда бұл – қызу талқы мен әлеуметтік-саяси шиеленіс туғызатын тақырып. Сондықтан Кемпірабад суқоймасының іргесіндегі аумақ Өзбекстанға өткенін естіген жұрт наразылыққа шығып, 30-ға жуық оппозициялық саясаткер, журналист, азаматтық белсенді мен қоғам қайраткері "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген күдікпен қамауға алынған.

Жогорку Кенеш мүшелері де шекара келісіміндегі кей бөлімдерге қарсылық білдірген. Кей депутаттар Кемпірабад суқоймасының жерін Өзбекстанға түгел беру, Орта Төкей суқоймасын пайдалану, Чешме бұлағы мен Көкташ өзенінің бастауын бірлесіп басқару шарттарын әділетсіз деп сынаған.

17 қарашада Жогорку Кенеште осы мәселе қаралып жатқанда депутат Нуржигит Кадырбеков "Қырғызстан Гавасай өзені бойынша міндеттемені неге өз мойнына алып отыр?" деп сұрады.

‒ Келісімнің 7-бабында "Қырғызстан Гавасай өзенінің табиғи ағысына кедергі келтіретін гидротехникалық және басқа да құрылымдар салмауға, судың техникалық ластанбауын қадағалауға міндетті" деп жазылған. Бұл нені білдіреді? Өз аумағымыздан ағып жатқан өзен ағысын қажетімізге қарай өзгертіп, жағасына нысандар сала алмаймыз ба? Мұндай шартқа не үшін келісіп отырмыз? – деді депутат.

Шекараны белгілеу бойынша үкіметаралық комиссия төрағасы, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев "су бөгеті мен Орта Төкей суқоймасының жері Қырғызстанда қалады, республика қосымша міндеттемелер алған жоқ" деді. Ол Гавасай өзенінің "экономикалық пайдасы жоғын" айтты.

‒ Өзен таудан ағады, жоғарғы сағасында Қырғызстанның Көкташ ауылы орналасқан. Өзен суы түгел Өзбекстанға ағып кетеді. Судың жолын бөгей алмайсыздар. Су бөгетін салсаңыз да, одан экономикалық пайда болмайды. Көкташ ауылын басқа жерге көшіруге тура келеді. Келісімде судың ластануына жол бермеу туралы ғана айтылып отыр, ‒ деді Ташиев жағдайды түсіндіруге тырысып.

Осы және өзге де дауларға қарамастан, 17 қарашада Жогорку Кенештегі 90 депутаттың көбі шекара мәселесіне қатысты құжаттарды үш оқылымнан кейін мақұлдады. 19 депутат "қарсы" дауыс берді. Кейінірек олардың кейбірі қысым көріп жатқанын айтты.

ТЕМІР ЖОЛ

Қырғызстан-Өзбекстан шекарасы бойынша келіссөздер дипломатиялық жолмен аяқталды. Тараптар ортақ шешім табуға тырысты, келісім күшіне енді.

Енді тараптар су-энергетика, сауда-логистика, көлік сияқты өңірлік жобаларға назар аударып отыр. Қазір күн тәртібінде Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысын жеделдету, Қамбар ата ГЭС-і құрылысын бірлесіп салу, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр техника, көлік және басқа да салалардағы әріптестікті нығайту мәселесі тұр.

Министрлер кабинетінің басшысы Акылбек Жапаров қазір Өзбекстан арқылы өтетін, тауар тасымалына көп уақыт пен ақша кетпейтін, бәсекеге қабілетті көлік бағыттарын игеру процесі жүріп жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Қырғызстанды дамыту үшін арзан сауда жолдарын ашу керек. Қазірге дейін көрші мемлекет арқылы үш транзит бағыты келісілген. Бұл жолдар географиялық орны тиімсіз Қырғызстанға теңізге шығуға көмектеседі.

‒ Қырғызстанның сауда айналымы мен экспорт көлемін арттыру үшін үш жаңа, қосалқы бағыттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші бағыт – Қырғызстан-Өзбекстан-Түркіменстан. Ары қарай Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен Ресейге шыға аламыз. Қазір Ресейге тауар жеткізіп жүрген жолдармен салыстырғанда бұл жол әлдеқайда арзан әрі көп уақыт алмайды. Түркіменстанда дизель Қазақстанға қарағанда арзан. Екінші бағыт Өзбекстан, Түркіменстан, Иран арқылы өтеді. Бұл жол Иранның Бендер-Аббас портына апарады. Үшінші бағыт Өзбекстан-Ауғанстан арқылы Пәкістандағы Карачи портына, ары қарай Үндістанға жеткізеді, – деді Жапаров.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы қос мемлекет арасындағы тауар тасымалын жақсартатын маңызды жобаға айналуы мүмкін. Бұл жоба көп жылдан бері талқыланып, былтыр ғана қолға алынды. 2022 жылы қыркүйекте Самарқандта өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қырғызстан арқылы өтетін Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын салу туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, теміржол Торугарт- Арпа-Макмал-Джалал-Абад бағыты бойынша жүреді.

Қытай теміржол құрылыс корпорациясының жобалық-зерттеу институты Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі 2023 жылы сәуірде дайын болатынын хабарлады. Осыған дейінгі ақпаратқа сәйкес, жобаның бірінші кезеңінде Қырғызстан оның құнының 20%-ын, екінші кезеңде 10%-ын, Өзбекстан 30%-ын, үшінші кезеңде Қытай 30%-ын төлейді, төртінші кезеңде барлық тарап бірдей үлес қосады. Әзірше техникалық-экономикалық сараптама құны белгісіз.

Министрлер кабинетінің төрағасы Акылбек Жапаров теміржол құрылысына 6 миллиард доллар кетеді деп бағалаған.

Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров жобаны жылдам жүзеге асыру жоспарына күмәнданып қарайды. Оның пікірінше, маңызды мәселелер шешілмейінше, жобаны жүзеге асыру туралы айтуға әлі ерте.

– Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы көп жылдан бері талқыланып келеді. Қазір де "түбегейлі өзгеріс болды, жоба жүзеге асып жатыр" деп айта алмаймыз. Сол баяғы қаржыны қайдан табамыз, темір жол қай жерлерден өтеді деген мәселе әлі шешілмеді. Қырғызстан мен Өзбекстанның жоба туралы көзқарасы екі түрлі. Сондықтан теміржол құрылысына қатысты сұрақ көп, – деді Умаров.

ЭНЕРГЕТИКА

Қырғызстан мен Өзбекстан Қамбар Ата су электр станциясын салғалы жатыр. Жобаға Қазақстан да қатысады.

Қырғызстан энергетика министрінің орынбасары Мирлан Жакыпов осыған дейін Азаттыққа жоба қалай жүзеге асып жатқанын айтып берген.

– Жол картасында қалай жұмыс істейтініміз көрсетілген. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындау, тендер өткізу тәртібін, шарттары мен мерзімін анықтау мақсатында құжаттарға қол қойылды. 2024 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайын болса, құрылысты бастаймыз. Жол картасына Қырғызстанға, Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі бірлескен кәсіпорын болады деген бөлім қостық. Компания Қырғызстанда тіркеледі және біздің басқаруымызда болады, – деген еді министрдің орынбасары.

Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстанның энергетика министрлері 6 қаңтарда Бішкекте Қамбар ата ГЭС-ін салу туралы жол картасына қол қойды.

Бұл – ондаған жыл бойы талқыланып, құрылысы басталмаған Қамбар ата су электр станциясы жобасы бойынша көрші мемлекеттер қол қойған алғашқы құжат.

Жоба жүзеге асқан жағдайда су электр станциясын бірлескен кәсіпорын басқарады. Оның акцияларының 34%-ы Қырғызстанға, 66%-ы Қазақстан мен Өзбекстанға (33%-дан) тиесілі болады.

Қырғызстан билігі Қамбар ата су электр станциясының құрылысына 2 млрд 916 млн доллар кететінін айтқан. Құрылыс алты кезеңнен тұрады. Энергетика саласының мамандары жоба құнын 4-5 млрд доллар деп бағалап отыр. Су электр станциясы салынса, бұл тәуелсіз Қырғызстан тарихындағы ең қымбат жоба болады. Әзірге жобаға қай елдің қанша қаржы құятыны белгісіз.

ӨҢІРДЕГІ ИНТЕГРАЦИЯ

Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары мемлекеттік шекара белгіленбей екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкін емес, жер, су мен жайылымға талас кикілжіңге себеп болып, бауырластығымызға кері әсер етеді деп келген.

Өңірдегі геосаяси мәселелер бойынша сарапшы Мирбек Маматкасым шекара мәселесін реттеу қос мемлекеттің қарым-қатынасын нығайтып, өзара тиімді әріптестік орнатады деп сенеді.

‒ Қалай болса да, шекара мәселесі шешілгені жақсы. Өйткені көрші болғандықтан, бір-бірімізге тәуелдіміз. Мысалы, оларға су керек, бермей қоя алмаймыз. Су бәрібір төменге қарай ағады. Олардан газды арзан бағамен алуға келісуге болады. Өзбекстан арқылы Түркіменстаннан газ алу жолын да қарастырайық. Келісім бұзылмас үшін шарттарды бекітіп алу керек. Елімізде Өзбекстанға керек көп тауар сатылады, біз арқылы көп зат қайта экспортталады. Біз оларда өндірілген заттарды сатып аламыз. Бастысы – кедергісіз сауда байланыстарын қамтамасыз ету, қалғанын кәсіпкерлер өз мойнына алады. Болашақта кедендегі бақылау жеңілдейтін шығар. Қырғызстан мен Өзбекстан Еуроодақ сияқты бірігіп, Германия мен Францияның арасы сияқты шекарамыз ашық болса, азаматтарымыз төлқұжат көрсетпей-ақ еркін саяхаттап, тауар тасымалдаса, қос тарапқа да тиімді болар еді. Осы бағыттан жаңылмауымыз керек. Бәлкім, көп уақыт кететін шығар. Бірақ өзара түсінісу арқылы бәріне қол жеткіземіз, – дейді сарапшы.

Өзбекстан саясаттанушысы Фарход Толипов "қос мемлекет арасындағы кей өткір мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан ғана шешу мүмкін емес, мұндай әдіс текетіреске апарып, өзара тиімді нәтиже бермейді" дейді. Сарапшының сөзінше, жер және су ресурстарын пайдалану мәселесіне өңірлік тұрғыдан қарау керек.

‒ Шын мәнінде, Орталық Азия елдерінің бәрі интеграцияға ұмтылып жатыр. Бұл мәселе үнемі күн тәртібінде тұрады, өйткені өңірлік әріптестік пен интеграция маңызды. Сондықтан ресурстар мәселесі ұлттық тілектерді емес, өңірлік мүдделерді ескере отырып шешілуі керек. Ресурстар мен шекара маңындағы аумақтарға бір ұлттың иелігі емес, ортақ байлық деп қараған жөн. Мәселеге осы қырынан қарап, екіжақты және көпжақты инновациялық шешімдер іздеу керек, – дейді Толипов.

Лондондағы Central Asia Due Diligence (CADD) талдау орталығының директоры, Орталық Азия бойынша сарапшы Алишер Ильхамов Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәселесінің шешілуі өңірдегі интеграцияға жол ашады деп есептейді. Ол өңір елдері бірігіп, ұжымдық қорғанысқа назар аударуы керегін ескертеді.

‒ Өңірде экономикалық, әлеуметтік, мәдени және қорғаныс саласындағы әріптестікті дамытуға болады. Алғашқы қадам жасалды. Атап өтер тағы бір жайт: өңір мемлекеттерінің тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда әскери қорғанысқа назар аудару керек. Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәселесі шешілгеннен кейін кезекте қырғыз-тәжік дауы тұр. Сонда аймақ елдері ілгері жылжып, дами бастайды. Украинада соғыс басталғалы Ресей Совет Одағын жаңғыртып, өңірдегі мәртебесін көтеру мақсатында жаңа империялық доктринасын жүзеге асыруға кірісті. Мәскеу жартылай империялық құрылым арқылы Орталық Азия мен Кавказ елдерінің сыртқы саясатын бақылауда ұстағысы келеді.

Қырғызстан экономика министрлігінің дерегінше, Өзбекстан мен Қырғызстанның сауда айналымы кейінгі бес жылда бес есе өсіп, 2022 жылы 1 млрд долларға жеткен. Өзбекстан инвестиция және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков Қырғызстанға сапары барысында бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу көзделіп отырғанын айтқан.

Инвестиция саласында да прогресс байқалады. Әріптестіктің осы түрін дамыту үшін Бішкекте жарғы капиталы 50 млн доллар болатын қырғыз-өзбек қоры ашылған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы қырғызшадан қазақшаға аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG