Accessibility links

МАГАТЭ басшысы Запорожье АЭС-і маңында жарылыс болғанын хабарлады


МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси

Ресей әскері басып алған Запорожье атом электр станциясы маңында 25-26 қаңтарда 20 шақты жарылыс болды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік жетекшісі Рафаэль Гроссидің мәлімдемесінде осындай мәлімет айтылады.

МАГАТЭ басшысының айтуынша, 25 қаңтарда сегіз жарылыс естілген. Жарылыстан станция аумағындағы кеңселердің терезелері дірілдеген. 26 қаңтарда одан да көп жарылыс болған.

Гроссидің сөзіне қарағанда, станция маңындағы әскери қимыл-әрекеттер нысан маңында ядролық қауіпсіздік аймағын құру маңызын айғақтай түседі. МАГАТЭ басшысы өткен аптада қауіпсіздік аймағын құру мәселесін Украина президенті Владимир Зеленскиймен талқылаған. Енді оны Ресей және Еуроодақ өкілдерімен ортаға салмақ.

"Росэнергоатом" өкілі МАГАТЭ хабарламасына қатысты берген түсініктемесінде ақпаратты "арандату" әрекеті деп атап, ұйымды "сыбысқа сүйенбей, мәліметтерді тексеріп барып жариялауға" үндеген. Бұл жөнінде ТАСС агенттігі жазды.

Украиналық "Энергоатом" Гроссидің хабарламасына түсініктеме бермеді.

Соғыс жағдайында қақтығыс аймағынан тараған ақпаратты тәуелсіз дереккөздерден тексеру қиын.

Запорожье АЭС-ін Ресей әскері былтыр наурызда басып алған. Станция атқылауға жиі ұшырайды. Мәскеу мен Киев бір-бірін оқиғаға кінәлап келеді. Украина жағының айтуынша, Ресей әскері станция қызметкерлерін "Росатоммен" келісімшарт жасауға мәжбүрлеген.

XS
SM
MD
LG