Accessibility links

Тәуелсіз бақылаушылар "жаңарған" сайлау заңындағы тосқауылдар туралы айтты


“Тәуелсіз бақылаушылар” қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы баспасөз жиыны. 27 қаңтар, 2023 жыл.
“Тәуелсіз бақылаушылар” қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы баспасөз жиыны. 27 қаңтар, 2023 жыл.

"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі жуырда жаңарған "Сайлау туралы" заңда бақылаушыларға кедергі келтіретін ережелер бар деп есептейді. Бұл жөнінде ұйым мүшелері 27 қаңтарда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

– Бұған дейін жарғысында сайлау процесін оны бақылауға құқығы бар кез келген ұйым бақылай алатын. Қазір аккредитациядан өтуді міндеттеп қойды. Аккредитациялау дегеніміз не? Әрбір ұйым жарғысының үзіндісін және ұйымның анықтама құжатын орталық сайлау комиссиясына өткізеді. Шешімді орталық сайлау комиссиясы шығарады. Олардың құжатты қарау мерзімі – бір ай. Сайлаудың өзін екі ай ғана қалғанда жариялап отыр. Соның бір айы құжатымызды тексеруге кетеді. Ал егер құжаттан қате тауып, кері қайтарылған жағдайда біз қайта құжат тапсырып үлгермеуіміз мүмкін. Мұны бақылаушы ұйымдарға жасалған кедергі деп білеміз, – деді ұйым төрағасы Бесжан Төлеубекұлы.

Оның айтуынша, ұйым 19 наурызға белгіленген мәжіліс пен мәслихат сайлауын бақылауға ниетті екені білдіріп, 25 қаңтар күні Алматы қалалық сайлау комиссиясына өтініш берген. Аккредитация беру-бермеу туралы шешімді ОСК бір ай ішінде шығарады.

Ұйым мүшесі Арайлым Назарованың сөзінше, заңға бақылаушылардың сайлау учаскесінде фото, видео түсіруін шектейтін жаңа тармақ қосылған.

"Учаскеде фото, видео түсіруге болады деген деген тармақ бұрыннан бар. Бірақ осыған қатысты тағы бір ереже қосылды. "Фото-видеоға түсірер кезде және оны тарату кезінде Қазақстан заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті" деген норма енгізіп қойды. Бірақ нақты қандай заң талаптары екені айтылмайды" дейді Назарова.

Ұйым сайлау туралы заңға өзгеріс енгізетін кезде осы мәселелерді ескерткенін, арнайы ұсыныс жібергенін, бірақ бәрі ескерусіз қалғанын айтты.

118 баптан тұратын "Сайлау туралы" заңның ондаған бабы былтыр күзде өзгерген. Сол кезде сарапшылар жаңа өзгерістер тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын қиындатып, шектейді деп мәлімдеген. Ал Ақорда бұл өзгерістер сайлауды "әділ әрі бәсекелі өткізу үшін жасалған" деді. Жаңа өзгерістер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі 2019 жылы тіркелген. Ұйым сол кезден бері бірнеше сайлауды бақылады. Бірлестік өздері бақылаған сайлауларда заң бұзылғанын айтып, сайлау комиссиясының үстінен арыз жазғанымен, үнемі сотта жеңіліп қалатын.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG