Accessibility links

Қырғызстан мен Өзбекстан шекаралары толық анықталды


Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Бішкек, 27 қаңтар, 2023 жыл.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Бішкек, 27 қаңтар, 2023 жыл.

Қырғызстан мен Өзбекстан екі ел арасындағы шекараны анықтау процесін аяқтады. 27 қаңтарда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзбек әріптесі Шавкат Мирзияевпен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеді. Мирзияев осы аптада Бішкекке мемлекеттік сапармен барған.

Кездесу кезінде Жапаров пен Мирзияев өзбек-қырғыз шекарасының жекелеген аумақтары туралы ратификация грамоталарымен алмасты.

"Бұл – шын мәніндегі тарихи оқиға. Біз диалогқа және шекара мәселелері бойынша өзара тиімді шешімдерді іздеуге дайын екенімізді көрсеттік. Шекара мәселелеріне нүкте қою арқылы біз болашақ ұрпақтың тұрақты дамуы мен гүлденуінің іргетасын қалайтынымызға сенімдімін" деді Садыр Жапаров.

Мирзияев шекараны белгілеу мәселесін толық реттеу "екіжақты қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, бұл – аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға көмектеседі" деді.

Қырғызстан мен Өзбекстан екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға да қол қойды.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның ұзындығы – 1314 шақырым. Бұған дейін шекарадағы даулы аймақтарға байланысты қақтығыстар жиі болған. Кейбірінде адам өлімі де болды. Былтыр қарашада Қырғызстан мен Өзбекстан билігі 30 жыл жалғасып келе жатқан шекара дауына нүкте қойған.

Шекарадан бөлек, бұған дейін екі ел Кемпірабад суқоймасын бірігіп басқару туралы келісімге қол қойған. Қырғызстанда бұл наразылық туғызды. Елде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікпен 26 адам ұсталды. Арасында журналистер мен белсенділер де бар. Құқық қорғаушылар ұсталғандарды босатуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG