Accessibility links

Астана Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне жасалған қарулы шабуылды айыптады


Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне шабуылдан кейін ғимарат алдына жиналған журналистер. 27 қаңтар, 2023 жыл.
Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне шабуылдан кейін ғимарат алдына жиналған журналистер. 27 қаңтар, 2023 жыл.

Астана Әзербайжанның Ирандағы елшілігіне жасалған қарулы шабуылды айыптады. Шабуылдан бір адам қаза болып, екі адам жараланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі 27 қаңтарда Әзербайжан халқына және қаза болған елшілік қызметкерінің отбасына көңіл айтты.

"Қазақстан дипломатиялық миссиялар мен оның өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық пен агрессия актілерінің кез келген көрінісі қабылданбайды деп есептейді. Мұндай шабуылдар халықаралық құқық негіздері мен нормаларын бұзады және жалпыға бірдей айыпталуға жатады деп білеміз" деп жазылған Қазақстан СІМ хабарламасында.

27 қаңтарда Тегеранда бір ер адам Әзербайжанның Ирандағы елшілігін Калашников автоматымен атқылаған. Оқиғаның салдарынан дипмиссияның қауіпсіздік қызметінің бастығы қаза болған, екі күзетші жараланды.

Шабуылшы ұсталғаннан кейін оның елшілікті атқылауына "жеке және отбасы мәселелері түрткі болды" деген ақпарат тарады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қарулы шабуылды теракт деп атады.

Тегеран тергеу басталғанын хабарлады.

Жұма күні Әзербайжан сыртқы істер министрлігі хабарлама таратып, Баку елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін эвакуациялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG