Accessibility links

FT: Ресей орталық банкінің жетекшісі ел экономикасына қатысты деректердің бір бөлігін жариялауды ұсынды


Эльвира Набиуллина.
Эльвира Набиуллина.

Ресей орталық банкінің жетекшісі Эльвира Набиуллина нарықтың дамуына жол ашу үшін экономикаға қатысты деректердің бір бөлігін жариялауды ұсынды. Бұл жөнінде үш тәуелсіз дереккөзге сүйенген Financial Times басылымы жазды.

"Инвесторлар құнды қағаздарға инвестиция салуы үшін ақпаратты қайтадан жариялай бастауымыз керек" деді Набиуллина. Оның сөзінен FT үзінді келтірді.

Басылымның мәліметінше, Набиуллина – экономика мәліметтерін құпия ету туралы шешімнің күшін жоюға атсалысып жүргендердің бірі. Мұндай шешім былтыр ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін қабылданған.

Орталық банктің лауазымды қызметкерлерінің бірі статистикада ашықтық болмағаны "тіпті жүйе ішіндегі адамдарға кедергі келтіріп отыр" деп айтқан.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков деректерді құпия ету туралы шешімнің маңызы "Ресейге қарсы жүргізіліп жатқан гибрид соғыстан" деп түсіндірген. Дегенмен, оның айтуынша, экономика саясатын әзірлеуге қатысатындардың бәрінің қолында қажет деректер бар. Песковтің сөзіне қарағанда, Владимир Путин Ресейдің экономикалық ахуалы туралы жоғары лауазымды тұлғалардан тұрақты түрде есеп қабылдайды.

"Путинге бұрмаланған ақпарат беріледі деген кез келген тұжырым қате. Оның қолында барлық ақпарат бар, әр апта сайын экономика кабинетінің отырысы өтеді" деді Песков Financial Times басылымына.

  • Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін үкімет экономикаға қатысты деректердің біраз бөлігін құпия еткен. Қазір сыртқы сауда статистикасы, банк жүйесінің мәліметтері, федерация бюджетінің орындалуы, алтын-валюта қоры, мұнай өндірісі мен экспорты, энергия тұтынуға қатысты деректер жарияланбайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG