Ұлыбритания үкіметі Ресей миллиардері Роман Абрамовичтің "Челси" футбол клубын сатқаннан түскен 2,3 млрд фунт қаражатты Украинадағы соғыс құрбандарына арналған қорға аудармақшы. Бұл жөнінде үкіметтегі дереккөзге сүйенген The Telegraph басылымы жазды.
Басылымның мәліметінше, билік Еуроодақтың мақұлдауын күтіп отыр, себебі Абрамович ЕО санкциясына ілінген. Түпкілікті шешім шығаруға бірнеше апта кетуі мүмкін.
Ақпарат құралдарының жазуынша, қор құру идеясын Абрамовичтің өзі айтқан. Былтыр наурызда миллиардер Украинадағы соғысқа байланысты санкцияға ілінген.
- "Челси" клубын сатуға қатысты келісім былтыр жыл басында жасалып, мамырда аяқталды. Клуб америкалық инвестор Тод Болидің жетекшілігімен 4,25 млрд фунтқа сатылды. Қаражат арнайы есепшотқа салынып, бұғатталды.
ПІКІРЛЕР