Accessibility links

Михаил Саакашвилиді реанимацияға ауыстырғаны хабарланды


Саакашвилидің адвокатының өтініші қаралған сот процесі. Желтоқсан, 2022 жыл.
Саакашвилидің адвокатының өтініші қаралған сот процесі. Желтоқсан, 2022 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили денсаулығы нашарлағанына байланысты реанимацияға ауыстырылды. Бұл туралы сейсенбі күні саясаткердің баспасөз хатшысы Георгий Чаладзе хабарлады.

Дегенмен клиниканың директоры Нино Надирадзе ақпаратты растаған жоқ. "Саакашвилиді ауыстырған жоқ, ол палатада" деді ол Азаттықтың Грузин қызметіне.

31 қаңтарда таңертең саясаткердің анасы Гиули Аласания түнде ұлының дене қызуы көтеріліп, есінен танып қалғанын айтқан.

Бірнеше күн бұрын Михаил Саакашвилиден коронавирус анықталған. Сол кезде клиника өкілдері ауру жеңіл өтіп жатқанын айтып, оны реанимацияға ауыстырудың қажеті жоқ деп мәлімдеген.

"Мтавари" телеарнасының хабарлауынша, Саакашвилиге жасалған жаңа коронавирус тестісі теріс нәтиже көрсеткен.

Қаңтар басында Грузия мен 20-дан астам елде Саакашвилиді қолдау акциялары өткен. Жиналғандар саясаткерді босатуды және оның Еуроодақта емделуіне рұқсат беруге үндеген. Кейбір белсенділер қазіргі билікті "Саакашвилиді өлтіріп тынбақшы" деп айыптайды.

  • Украина азаматтығы бар Грузияның бұрынғы президенті 2021 жылы күзде елге жасырын оралған соң қамауға алынған. Саакашвили шетелде жүрген кезде "билік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" сырттай алты жылға бас бостандығынан айырылған. Қамауда отырған кезде оның денсаулығы нашарлап, Тбилиси азаматтық клиникасына ауыстырылған. Саясаткердің өзі мен жақтастары ол уланғанын айтқан. Алайда Грузия билігі оған дәлел жоғын алға тартады.
  • Жақтастары Михаил Саакашвилиді саяси себеппен қудалап отыр деп есептейді.
XS
SM
MD
LG