Accessibility links

"Әділ сөз" Астанадан Ресейдің қазақстандық БАҚ-қа жасап жатқан қысымына жауап беруді талап етті


Баспасөз еркіндігін қорғайтын "Әділ сөз" қоры Қазақстан үкіметіне ашық хат жолдады.

Хат мәтіні қордың сайтында жарияланды. Ашық хат елдің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атына жолданған.

Хат авторлары былтыр Роскомнадзор Қазақстандағы кем дегенде тоғыз БАҚ-тан Украинадағы соғысқа байланысты материалды алып тастауды талап еткенін баяндаған.

Қазір Ресей Қазақстанның ақпарат құралдарын талапты орындамағаны үшін сотқа шақырып жатыр.

"Қазақстан үкіметі БАҚ-тағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етіп, Қазақстан Конституциясы кепілдік берген сөз бостандығын қорғауы керек" делінген ашық хатта.

"Әділ сөз" қоры үкіметтен "Ресейдің мемлекеттік органдары қандай халықаралық міндеттемелерге сүйеніп, қазақстандық БАҚ пен журналистерді сотқа шақырып жатыр?" деген сауалға жауап беруді талап етеді.

Осының алдында қазақстандық Arbat.media басылымы Украинадағы соғыс туралы материалы үшін Ресейдің Владимир қаласындағы Ленин аудандық сотына шақыру алғанын мәлімдеген.

Сотқа арызданушы Ресей армиясының 19-әскери прокуратурасы, 56680 әскери бөлімшесі деп жазылған. Сот отырысы 17 ақпанға белгіленген.

Қарай отырыңыз: Ресей билігі қазақстандық редакцияны сотқа берді (2 ақпан 2023 жыл).

Ресей билігі қазақстандық редакцияны сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Arbat.media басылымының жазуынша, шақыру қағазында "Роскомнадзордың Владимир облыстық басқармасы басылымның Украинадағы соғыс туралы мақаласынан шындыққа сәйкес келмейтін және саяси мәні бар қоғамдық маңызды ақпарат туралы жалған мәлімет барын анықтады" деп жазылған.

Аrbat.media порталының редакциясы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.

Бұған дейін Роскомнадзордан Қазақстанның Аrbat.media, "Власть", Informburo.kz, Ratel.kz, Newtimes.kz басылымдары Украинадағы соғысқа қатысты материалдарын өшіруді талап еткен хат алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG