Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Қазыбек Құдайбергенов ісінде айыптаушы тарап сотқа мәйітхана қызметкерлерін шақырды


Қызылорда тұрғыны Қазыбек Құдайбергенов.
Қызылорда тұрғыны Қазыбек Құдайбергенов.

2 ақпанда Қызылорда сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық ұлан қызметкері Мәдияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп танылып, 17 жылға сотталған Қазыбек Құдайбергеновтің ісі бойынша апелляциялық сот отырысы жалғасты.

Сотқа Құдайбергеновті қолдаған ондаған адам жиналды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода жергілікті әкімдік өкілі оларды сот ғимараты алдында "митинг өткізбек болды" деп айыптағаны, "митинг өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алу" керек екенін ескерткені көрінеді. Әкімдік өкілі сотқа әкелінген плакаттарды жаймауды да талап етті. Ақыры азаматтарға пікірін айтуға мүмкіндік берді.

"Қазыбек Құдайбергеновтің сотынан шықтық. Адвокаттар алдыңғы отырыста оның кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар көрсеткендіктен, оны бүгін қамаудан босатады деп ойлағанбыз. Бірақ прокурорлар мәйітхананы күзеткен санитария қызметкерлері мен мәйітті тексерген маманды шақырып әкелген. Бұл неге апаратыны әзірше белгісіз. Сот жұма күні сағат 15.00-ге шегерілді" деді азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов.

Сот ғимаратына прокуратура өкілі де келді. Полиция қызметкерлері жиналғандардың әрекетін сырттай бақылап тұрды.

Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтанованың айтуынша, бұған дейін адвокаттар сотта сүйек мәйітханаға түске дейін, яғни сағат 11.10-да әкелінгені жайлы ақпаратты келтірген. Дәлел ретінде мәйітхана жазбасын көрсеткен. Бірақ сот отырысы шегерілген, екі аптадан соң мәйітханадан үш куәгер шақырылған.

"Бүгін сұралған куәгерлердің бірі [мәйітханада] сурет пен видео түсірілетінін айтты. Бірақ іске ешқандай сурет пен видео енгізілмеген. Біз соттан сол видео мен суреттерді сұрауын өтіндік. Ақыры сот отырысты 3 ақпанға қалдырды" деді Іңкәрім Сұлтанова Азаттыққа.

29 қарашада Қызылорда соты 34 жастағы Қазыбек Құдайбергеновті Қаңтар оқиғасында "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" және "қызмет міндетін атқарған әскери қызметкердің өліміне себеп болған қасақана іс-әрекетке барғаны" үшін айыпты деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырған. Сот Құдайбергеновке "терроризм актісі" бабы бойынша тағылған айыпты алып тастады.

Қазыбек Құдайбергенов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Құдайбергеновтің адвокаты мен туыстары оған тағылған айыптарға ешбір дәлел жоғын айтып, сот тергеу долбарына сүйеніп әділетсіз үкім шығарды деп есептейді.

Айыпталушының әйелі сотқа дейінгі тергеу кезінде күйеуін "басына пакет кигізіп, тоқпен ұрып азаптағанын, резеңке таяқпен зорлаймыз деп қоқан-лоқы жасап, істемеген қылмысты мойындауға мәжбүрлегенін" айтады. Тергеу орындары бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қаза болған.

Қазыбек Құдайбергенов – Қаңтар оқиғасы бойынша ең көп жылға сотталған айыпталушы. Бақылаушылар Қаңтар оқиғасы бойынша істерде көп жағдайда сот айыптау жағына болысып, прокурор сұраған жазаны беретінін, ал процестік келісім мен "кінәні" мойындау аз жаза тағайындаудың шартына айналғанын айтады.

XS
SM
MD
LG