Accessibility links

Жаңадан тіркелген "Байтақта" партия тізіміне қатысты дау туды


"Байтақ" партиясының съезі. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.
"Байтақ" партиясының съезі. Астана, 3 ақпан, 2023 жыл.

Өздерін жасылдар партиясы деп атайтын "Байтақ" съезінде мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттар тізіміне қатысты дау туындады.

Съезге Атырау облысынан келген Марал Көшенов облыста іріктеу болған кезде тізімде болғанын, бірақ Астанаға келгенде "өзін тізімнен алып тастағанын" айтты. Оның сөзінше, өзінің орнына бұрынғы мәжіліс депутаты Ирак Елекеевтің ұлы Еркін Елекеевті енгізіп қойған.

"Бұл не деген сұмдық! Мен осы партия атынан мәжіліске барамын, Атыраудағы экология мәселесін айтамын деп келіп тұрмын. Мен ешқандай кәсіпкер де емеспін. Атыраудың қарапайым тұрғынымын. Бізде Атырауда экология ушығып кеткендіктен, кез келген адамды эколог деп айтуға болады. Бұлар бізбен санаспай осылай істеп отыр. Егер мені тізімге өткізбесе, "Байтақтың" құрамынан кетемін" деп ашуланды Марал Көшенов.

Ал "Көшеновтің орнына тізімге енді" деп айтылған Ержан Елекеевтің өзі Азаттыққа "бұл мәселе негізі 8 ақпанда шешіледі. Не әкем, не мен боламын. Әзірше, тізімге мені жазып қойды" деді.

Партия жетекшісі Азаматхан Әміртай Азаттыққа бұл жөнінде "олар ертерек ұсынуы керек еді, егер облыс бюросы оны (Көшеновті – ред.) тізімге енгізген болса, онда қарастырамыз" деп қысқа қайырды.

3 ақпан күнгі съезден сәл ертерек партия өкілдері кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына түсу туралы шешім қабылдаған еді. Мәжіліс сайлауына партиялық тізіммен 19 адам, мажоритар жүйе бойынша төрт адам қатысады.

Партия жетекшісі Азаматхан Әміртай мажоритар жүйе бойынша сайлауға түсетінін айтты. Съезде партия өкілдері сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Сарапшылар "билікшіл" партиялардың бірі деп атайтын "Байтақ" съезінде Азамат Әміртай "парламентке Respublica, "Ақ жол" сияқты олигархтар партиясы баруына жол бермеуіміз керек. Олар халық мүддесін қорғамайды. Халықтың мүддесін қарапайым халықтан құралған біздің партиямыз сияқты саяси ұйымдар қорғайды" деді. Тоқаевтың бастамаларын қолдап жүрген Әміртай бұл жолы да сол ұстанымын қайталады.

"Байтақ" партиясы былтыр қарашада тіркелген. Партияны құрушылар "экологтарды біріктіріп, қоршаған орта мәселелерін көтеруді, кәсіпорындарды жаңалауды, еңбек қауіпсіздігін арттыруды көздейді". Билік "елде саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдеді" деп мәлімдеген тұста аталған партия тіркеуден өткен еді. Кейбір сарапшылар биліктің бұл әрекетін "көзбояушылық" деп атап, "билікке шынайы бәсеке бола алатын саяси күштер әлі күнге дейін тіркеле алмағанын" алға тартқан.

Бұған дейін "Ақ жол" мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы съезд өткізіп, сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

Елде кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG