Accessibility links

Мәскеу мен Киев тұтқын алмасты. Ресейдің 63, Украинаның 116 азаматы үйіне оралды


Ресей әскерінде тұтқында болған азаматтардың жақындарымен қауышу сәті. 4 ақпан, 2023 жыл.
Ресей әскерінде тұтқында болған азаматтардың жақындарымен қауышу сәті. 4 ақпан, 2023 жыл.

Украина Ресейге 63 азаматын қайтарды. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, келіссөз процесі күрделі болған, ал босатылғандар арасында "ерекше категорияға" кіретін адамдар бар. Министрлік тұтқындарды Біріккен Араб Әмірліктері басшыларының күш салуының арқасында алмастыра алғанын хабарлады.

Мемлекеттік дума депутаты Шамсаил Саралиев әскери тұтқындардың келген сәтінен видео жариялады.

Ал Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Telegram-дағы арнасында 116 украин азаматы елге оралғанын хабарлады. 87-сі – әскери қызметкер. Ермактың айтуынша, Украинаға қайтарылған азаматтар арасында Мариупольді қорғағандар мен Бахмут түбіндегі шайқаста мерген болғандар бар.

Украина президенті кеңсесінің басшысының хабарлауынша, Киевке британ еріктілері Кристофер Пэрри мен Эндрю Бэгшоудың және бұрын француз шетелдіктер легионында қызмет еткен, Ресей басқыншылығынан кейін Украина жағында соғысуға барған тағы бір еріктінің сүйегі де әкелінген.

Биыл екі ел алғаш рет қаңтардың басында тұтқын алмасқан. Екі жақ бір-біріне 50 адамнан қайтарған.

Украина әскери қызметкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Алена Вербицкаяның айтуынша, қазір Ресей жағында тұтқында шамамен 3 мың украин солдаты бар. Бұдан бөлек, 15 мың адам, арасында бейбіт тұрғындар да бар, із-түзсіз жоғалған.

Ресей жағы тұтқындар саны туралы ресми мәлімет таратпады.

XS
SM
MD
LG