АҚШ бірнеше күннен бері өз әуе кеңестігінде салбырап тұрған Қытайдың күмәнді аэростатын атып түсірді. Бұл жөнінде Assoсiated Press агенттігі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, әуе шары Оңтүстік Каролина штаты жағалауында атып түсірілген. Сенбі күні оның бөлшектерін жинау операциясы басталды.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин шар ел аумағындағы стратегиялық нысандарды аңду үшін пайдаланылғанын айтты. Оңтүстік Каролинадан бұрын шар бірнеше күн бойы Американың Монтана штаты үстінде ұшып жүрген. Ол жақта маңызды әскери нысандар орналасқан.
Ақпарат құралдары шар туралы ақпаратты жұма күні хабарлай бастаған. Джо Байден әкімшілігі АҚШ-тың әуе кеңістігіне шар жіберген Қытайдың әрекетіне жол беруге болмайды деп мәлімдеді. Байденнің қарсыластары шарды бірден атып түсіруге үндеген. Ал әскери басшылар оны құрлық үстінде атып түсірсе, жарықшақтары адамдарға тиюі мүмкін және жердегі нысандарға қатер төндіруі мүмкін деп мәлімдеген. Шар 15 мыңнан астам биіктікте ұшқан және үш мектеп автобусының көлемімен пара-пар болған.
Сенбі күні шар мұхитқа қарай жылжып бара жатқаны белгілі болды. Аэростатты F-22 истребителі атып түсірді. Бөлшектері суға құлады. Операция алдында Солтүстік және Оңтүстік Каролина штаттарының үш әуежайында ұшу тоқтатылған.
АҚШ билігі Қытай шарды барлау мақсатында жіберді деп біледі. Соның салдарынан АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің 5 ақпанға белгіленген Пекинге сапары шегерілді. Қытай билігі Блинкеннің қашан сапарлайтыны алдын ала айтылмағандықтан, ол кейінге қалдырылды деуге болмайды деген.
Шарға қатысты түсініктеме берген Қытай билігі оны "бағытынан жаңылған" ғылыми аппарат деп атады. Қытайдың түсініктемесіне сенімсіздік білдірген Пентагон, бұдан бөлек, Латын Америка әуе кеңістігінде соған ұқсас шар байқалғанын да алға тартты.
АҚШ әскерінің хабарлауынша, кейінгі жылдары АҚШ-тың төбесінен бірнеше тыңшы-шар ұшып өткен. Бірақ бұл жолғысы алдыңғыларына қарағанда ұзақ кідірген.