Accessibility links

Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф қайтыс болды


Первез Мушарраф.
Первез Мушарраф.

Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф 79 жасында созылмалы сырқаттан Дубайдағы жеке ауруханада көз жұмды. Ол 2001-2008 жылдары Пәкістан президенті болған.

Мушарраф Делиде дипломат отбасында дүниеге келген. 1961-1964 жылдары Пәкістан әскери академиясында оқыған, 1971 жылдан кейін Кветте қаласындағы команда-штаб колледжінде білім алған. Бұдан бөлек, Равалпинди ұлттық қорғаныс колледжін, Ұлыбританияның король қорғаныс колледжін тәмамдаған.

Мушарраф 1999 жылғы әскери төңкерістен кейін билікке келді. Әуелі премьер-министр қызметін атқарды. 2001 жылы өзін президент деп жариялап, премьер және құрлық күштері штабының жетекшісі қызметін де қоса атқарды. 2002 жылы Мушаррафтың президент мерзімі 5 жылға ұзартылды.

2007 жылы Мушарраф өзінің президент сайлауына қатысуына қарсы болған жоғарғы сотпен және айналасындағы адамдармен күресті. Соған қарамастан, 2007 жылы 6 қазанда екінші мерзімге сайланды. Жоғарғы сот оның жеңгенін жариялауды кешіктіріп, соңы саяси дағдарысқа ұласқан.

Мушарраф елде төтенше жағдай жариялап, конституцияның күшін тоқтатты. Кейін президент ретінде ант берді.

2008 жылы ақпанда болған парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті. Импичменттен қауіптенген Мушарраф 2008 жылы 18 тамызда отставкаға кетіп, әрі қарай Лондонға ұшып кетті.

2013 жылы Мушарраф парламент сайлауына қатысу үшін Пәкістанға оралды. Бірақ бірнеше күннен соң экс-президентке қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оны экс-премьер Беназир Бхуттоның өлімі үшін де айыптады. Мемлекетке сатқындық жасады деген айып та тағылды. Көп ұзамай Мушарраф қамалып, үйқамаққа жіберілді.

2016 жылы Мушаррафқа шетелге емделуге рұқсат етілді. Ол сот алдында жауап беру үшін Пәкістанға оралуға уәде берген. 2019 жылы Пәкістан арнайы соты Мушаррафты өлім жазасына кесті. Ол "мемлекетке сатқындық жасағаны үшін" және 2007 жылы төтенше жағдай жариялағаны үшін кінәлі танылды.

Өмірінің соңғы жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG