Accessibility links

Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резниковтің қызметінен кететіні хабарланды


Украина қорғаныс министрі Алексей Резников
Украина қорғаныс министрі Алексей Резников

Украина жоғарғы радасындағы "Слуга народу" фракциясының басшысы Давид Арахамия биліктегі кезекті кадрлық өзгерістерді жариялады. Оның ақпаратына қарағанда, Украина қорғаныс министрі Алексей Резников қызметінен кетеді, орнына қорғаныс министрлігі барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов тағайындалады.

Арахамияның Telegram-дағы арнасына жазғанына қарағанда, Резников әскери-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін өнеркәсіптің стратегиялық салалары мәселелері жөніндегі министр қызметіне атқарады.

"Слуга народу" фракциясының ақпаратына қарағанда, былтыр шілдеден бері Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы міндетін атқарушы болып келе жатқан Василий Малюк сол қызметіне бекітіледі, таяуда қаза болған Денис Монастырскийдің орнына оның орынбасары Игорь Клименко ішкі істер министрі болып тағайындалады.

Алексей Резников жаңа қызмет туралы әзірге өзіне ешкім айтпағанын, стратегиялық өнеркәсіп саласы бойынша министр қызметі ұсынылса, бас тартуы мүмкін екенін, өйткені ол қызметті сапалы атқаруға кәсіби дағдысы жетпейтінін айтқан.

  • Алексей Резников 2021 жылы қараша айында Украина қорғаныс министрі болып тағайындалған. Резниковтің әскери білімі жоқ, кәсіби мамандығы – заңгер. Бұған дейін ол Украинаның уақытша басып алынған аумақтарын реинтеграциялау мәселесі бойынша министр болған.
  • Кейінгі кездері Украина қорғаныс министрі жиі сынала бастаған. Қаңтардың соңында Украина журналисі Юрий Николов зерттеу жариялап, қорғаныс министрлігі әскерге арналған азық-түлікті қымбат бағаға сатып алып отыр деп көрсеткен. Бұл ақпарат қоғамда резонанс туғызып, президент Владимир Зеленский оны жан-жақты тексеруге уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG