Accessibility links

Түркия мен Сирияда жер сілкінді. Өлгендер мен жараланғандар көп


Түркиядағы жер сілкінісінің салдары.
Түркиядағы жер сілкінісінің салдары.

Түркияның оңтүстік-шығысында, Сириямен шекара маңында жойқын жер сілкінісі болған. Қазірге дейінгі мәліметтерге қарағанда, 76 адам өліп, 440 адам зардап шеккен. Қираған жүздеген ғимараттың астынан құтқарушылар тірі қалған адамдарды іздестіріп жатыр. Түркияда төтенше жағдай жарияланған.

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмология орталығының мәліметіне қарағанда, жер сілкінісінің ошағы 1 миллионнан астам тұрғыны бар Газиантеп қаласының маңына таяу, 10 шақырым тереңдікте болған.

Магнитудасы 7,8-ге тең зілзаладан кейін Түркияда 32 рет ұсақ дүмпу болған, алты рет 6 магнитудадан асқан.

Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу кем дегенде 10 қала зардап шеккенін хабарлады. Диярбақырда сауда орталығы құлаған.

Жер сілкінісі Адана, Анкара, Анталия, Газиантеп, Қайсері, Мерсин, Трабзон, Урфа қалаларында, сонымен қатар Кипр, Ливан, Сирияда болған, қаза болғандар көп.

Reuters хабарына қарағанда, Сирия мемлекеттік ақпарат құралдары Алеппо провинциясында көптеген ғимарат қирағанын жазған. 100 адамның денесі табылған, 516 адам жараланған деп хабарлайды AP.

Сирияның Хама қаласында сегіз қабатты үй қираған. SANA агенттігі Латакияда да ғимараттар қирағанын хабарлап отыр.

Куәгерлердің сөзінше, Дамаскіде және Ливанның Бейрут пен Триполи қалаларында адамдар үйінен қашып шыққан. Жер сілкінісі Армения мен Грузия шекарасында да сезілген.

Түрік Қызыл жарты ай ұйымының басшысы Керем Киник Түркия халықаралық көмек қабылдауға әзір екенін мәлімдеген.

Түркия әлемдегі өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. 1999 жылы елдің солтүстік-батысындағы күшті сілкіністің салдарынан 17 мыңнан астам адам өлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG