Accessibility links

"Аманат" партиясы мәжіліс сайлауына ұсынатын 119 өкілін жариялады. Тізімде бұрынғы депутаттар да, айтыс ақындары да бар


"Аманат" партиясы парламент мәжілісін сайлауға партия тізімімен түсетін 90 адамның және бірмандатты округтен түсетін 29 адамның тізімін жариялады. Партия шешімі 7 ақпанда Астанада өткен съезде қабылданған.

"Аманат" партиясының құрамы 75 пайыз жаңарды. Біз бір лидері бар партиядан, лидерлер партиясына айналдық" деп мәлімдеді "Аманат" төрағасы Ерлан Қошанов.

"Аманат" партиясының тізіміне бұрынғы депутаттар мен шенеуніктер және блогерлер кірген. Ерлан Қошановтың өзімен бірге бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, бұрынғы депутаттар Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Айгүл Кұспан, Константин Авершин, Наталья Дементьева, Артур Платонов, Альберт Рау, Павел Казанцев, Вера Ким, Юлия Кучинская, Екатерина Смышляева бар.

Тізімнен боксшы Фируза Шәріпованы, гимнаст Әлия Юсупованы, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Александр Даниловты, қаржы вице-министрі Татьяна Савельеваны, бұрынғы депутат Мұрат Әбеновті, блогер Ғалым Байтоқты, айтыскерлер Ринат Зайытов пен Аманжол Әлтаевты көруге болады. Ринат Зайытов бұған дейін Алматы қаласынан бірмандатты округ арқылы сайлауға түсетінін мәлімдеген.

4 ақпанда өткен съезінде "Аманат" партиясы бірмандатты округтерден мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттарын да жариялады, оның ішінде мәжілістің бұрынғы депутаттары Нұртай Сабильянов пен Еділ Жаңбыршин бар.

Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау 19 наурызда өтеді. Сайлауға түсетін кандидаттарды тіркеу 20 қаңтарда басталған, 18 ақпанға дейін жалғасады. 21 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауына ресми тіркелген жеті партия қатысатынын хабарлаған. Мәжілістегі 98 депутаттық орынның 28-і бірмандатты округтер арқылы, қалған 69-ы партия тізімі арқылы сайланады.

Бақылаушылар Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрған партия бұл жолы да көп орын алуы әбден мүмкін деп болжайды. Былтыр наурыз айында "Нұр Отан" партиясы "Адал" партиясын қосып, "Аманат" партиясына айналған.

Қазірге дейін Қазақстан халық партиясы, "Ақ жол" партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Ауыл" партиясы және таяуда ғана тіркелген "Байтақ", "Республика" партиялары сайлау алдындағы съездерін өткізіп, кандидаттарын белгілеген.

Бұған дейін саяси қызметімен танылған бірнеше қоғам белсендісі де бірмандатты округтер арқылы сайлауға қатысқысы келетінін білдірген. Олардың кейбірін түрлі себеппен тіркемеген. Кей сарапшылар билік тәуелсіз ой-пікірімен танылған белсенділердің тіркелуіне жол бермейді дейді.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен сайлаулардың ешбіріне әділ және еркін өтті деген баға берген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG