Accessibility links

Құқық қорғаушылар "Масс-медиа туралы" даулы заң жобасын кері қайтаруды талап етті


"Масс-медиа туралы" заңның жобасын сынап, оны кері қайтаруды талап еткен жиын. Астана, 8 ақпан, 2023 жыл.
"Масс-медиа туралы" заңның жобасын сынап, оны кері қайтаруды талап еткен жиын. Астана, 8 ақпан, 2023 жыл.

8 ақпанда Астана мен Алматыда құқық қорғаушылар мен журналистер баспасөз жиынын өткізіп, "Масс-медиа туралы" заң жобасын сынады. Астанада жоба бойынша құрылған жұмыс тобы аталған құжат журналистер құқығын қорғамайды, мемлекеттің баспасөзді бақылауын күшейте түседі деген қауіп айтты.

"Журналистерге шабуыл жасау, қорқыту, мүлкін бүлдіру сияқты кейінгі айларда болып жатқан оқиғалардан кейін заң журналистерді қорғап, кәсіби міндетін атқаруға кепілдік бергенін қалаған едік. Алайда заңда превентив реттеу шаралары көп екеніне, "журналист міндетті", "журналист өйтпеуге тиіс", "журналиске тыйым салынған" деген сияқты тіркестер көп екеніне, ал еркін, тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін жайттар аз екеніне көзіміз жетіп отыр" деді "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова.

Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, олар құжатқа қатысты ұсыныс-тілегін билікке жібергенімен, олардың бірде-бірі ескерілмеген.

"Біз президентке хат жолдаймыз. Бұған дейін жұмыс тобында бәрі қарастырылады деп айтылды. Біз ұсынысымызды кестемен жолдадық. Ведомствоаралық комиссия отырысы өткен аптада болды. Күш құрылымдарының "қолтаңбасын" көріп отырмыз. Бірақ біз меморгандар үнін естігіміз келеді" деді Гүлмира Біржанова.

Жиынға құжатты әзірлеген ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен өкіл қатысты. Ведомство өкілі Қанат Ысқақов журналистер мен құқық қорғаушыларды "ұсыныстарыңыз ескеріледі, әлі талай талқылау өтеді" деп сабырға шақырды.

Журналистер одан құжатты әзірлеуге атсалысқан ведомствоаралық комиссия өкілдерінің аты-жөнін беруді талап етті. Министрлік өкілі оны да беруге уәде етті. Ол бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтқан "заңның артықшылықтарын" қайталады.

8 ақпанда Алматыда да журналистер баспасөз жиынын өткізіп, биыл қабылданады деп айтылатын заң жобасына алаңдаушылық білдірді. Олар құжат шикі екенін, мұндай күйде қабылданса, елде баспасөз еркіндігіне нұқсан келетінін айтты. Медиасарапшылар заңдағы шектеулер журналистерге ғана емес, интернетке контент жариялаған кез келген адамға қатысты дейді.

"Мысалы, журналист мәтінді ресми тұлғалармен келісуі керек деген шарт бар. Не деген бақылау, цензура? [Жобаны] әзірлеу ақылға сай болса дейміз, біздің үнімізді естісін дейміз" деді "Әділ сөз" қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова. Оның сөзінен Orda.kz сайты үзінді келтіреді.

6 қаңтарда ведомство Legalacts.egov сайтында "Масс-медиа туралы" заң жобасының тұжырымдамасы жарияланды. Құжатты талқылау 27 қаңтарда аяқталған. Тұжырымдаманы журналистер мен баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдары сынға алған. Олар бұл құжатта сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін, журналистер жұмысын шектейтін норма көп деп есептейді.

78 баптан тұратын тұжырымдамада журналистер ақпарат министрлігінен "баспасөз картасын алуға тиіс" деп көрсетілген. Бұл карта журналистика я оған байланысты мамандықты бітіріп, үш жыл осы салада жұмыс істеген, сотталмаған тілшіге бір жылға беріледі. Журналист дипломы жоқ мамандардың осы салада бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Шетелдік басылымның тілшілеріне "баспасөз картасын" сыртқы істер министрлігі береді. Журналист үш ай жұмыс істемей қалса, бұл картасынан айырылады. Азаттық сөйлескен журналистер бұл өзгеріс "тілшілер жұмысына заңды түрде тыйым салуға әкеліп соғуы мүмкін" деп қауіптенген.

Министрлік "Масс-медиа туралы" заң жобасында Қылмыстық кодекстегі "журналистер жұмысына кедергі келтіру" бабын (158-бап) декриминализациялауды ұсынған. Бұл да журналистердің сынына ұшырады. Қылмыстық кодекстің бұл бабында журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, күш көрсеткендер, құралын сындырғандар қылмыстық жауапқа тартылатын. Баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" ұйымының бұрынғы жетекшісі Тамара Калеева Facebook-тегі парақшасында бұл бапты "журналистерді қорғаған жалғыз бап" деп атап, "оны алып тастаған соң, билік күшіне мінеді" деп қауіптенетінін жазған.

Құжатқа сәйкес, журналистерді төтенше жағдай кезінде күш құрылымдары өкілдерінің бірі алып жүруі керек. Журналистер бұл пунктті де сынаған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады. Журналистер қызметі барысында шабуылға жиі ұшырайды. Мәселен, 2019 жылы Азаттық тілшілеріне бір топ әйел шабуыл жасаған; митингіден хабар тарату кезінде белгісіз адамдар кедергі келтіріп, камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүріккен. Оқиға орнындағы полицейлер ешқандай шара қолданбады. Азаттық радиосының шабуылға байланысты полицияға жазылған арыздарынан нәтиже шыққан жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG