Accessibility links

Ақтөбе облысының Алға қаласында электр станциясы өртеніп, аудан орталығы мен жеті елді мекен жарықсыз қалды


Ақтөбе облысы Алға қаласында өртенген электр станциясын сөндіріп жатқан құтқарушылар. 8 ақпан, 2023 жыл. Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті таратқан сурет.
Ақтөбе облысы Алға қаласында өртенген электр станциясын сөндіріп жатқан құтқарушылар. 8 ақпан, 2023 жыл. Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті таратқан сурет.

Ақтөбе облысы Алға қаласында электр станциясында өрт шығып, аудан орталығы (Алға) мен оған жақын жеті елді мекен жарықсыз қалды. Электр станциясындағы өрт 8 ақпан күні сағат 08.30 шамасында басталған.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттен ешкім зардап шекпеген.

– Электр станциясындағы трансформаторда 20 тонна май болды. Жалын электр станциясының қосалқы секцияларына таралмауы үшін оқиға орнына 18 құтқарушы мен төрт техника жіберілді. Өрт бір сағатта толық сөндірілді, - деп хабарлады департамент.

Ақтөбе әкімдігінің хабарлауынша, өртенген трансформатор зауыттан 1967 жылы шыққан. "Трансформатор энерго орталық балансында. Жыл сайын қажетті тексеруден өтіп, бақылауда болған" деп хабарлайды әкімдік.

Алға электр станциясындағы өрттен аудан орталығы Алға қаласынан бөлек, жеті ауыл Бестамақ, Бесқоспа, Тоқмансай, Тамды, Қарабұлақ, Сарықобда мен Ақай ауылдық округтары жарықсыз қалған.

Ratel.kz сайты станцияның лапылдап жанып жатқаны түсірілген видео жариялады.

Желіде Алға қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жарықпен бірге ауызсусыз да қалғанын жазып жатыр. Бірақ әкімдік бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.

Алғадан 13 шақырым жердегі Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Айтжанова 8 ақпанда таңнан бері жарықсыз, ауызсусыз отырғанын айтты. Оның айтуынша, Бестамақта былтырдан бері жарық жиі сөнетін болған.

Алға тұрғыны Мұрат Қауысовтың айтуынша, таңертең жарық өшкенде ауызсу да тоқтап қалған. Су түстен кейін берілгенімен, жарық әлі қосылмаған. Мұрат Қауысовтың айтуынша, жұрт дүкен сөрелерінен 5 литрлік су мен нанды көтере әкетіп, дүрлігіп жатыр.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рүстем Исаевтың мәліметінше, Алға аудандық ауруханасы дербес генераторға қосылған. Сондықтан ауруханада жарық өшпеген.

Алғаға жарық беру үшін энергетиктер резервтегі трансформаторды іске қоспақшы. Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов аудан орталығы мен жеті ауылға жарық сәрсенбі күні түстен кейін берілетінін хабарлады. Әзірше өрт неден шыққаны белгісіз.

Алға – Ақтөбеден 45 шақырым жердегі аудан орталығы. Қаланың 30 мыңға жуық тұрғыны бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG