Accessibility links

Сот түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан "Арман" қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 30 қаңтар, 2010 жыл.
Полицейлер Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясынан "Арман" қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевты әкетіп бара жатыр. 30 қаңтар, 2010 жыл.

Қонаев қаласындағы Алматы облыстық соты қамаудағы белсенді Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Былтыр желтоқсанның ортасында Қонаев соты белсендінің ерте босап шығу туралы өтінішін орындамаған еді. Нарымбаев пен адвокаты Жанар Балғабаева шешімге көнбей, жеке шағым түсірген.

"Не себепті өтінішті орындамағаны бізге түсініксіз қалды. Сот "орындалмасын" деді. Енді сот қаулысын алғаннан кейін көреміз. Прокурор сотта Ермек Нарымбаевтың марапаты жоғын, оның дамуында оң өзгеріс, оң құбылыс жоғын айтқан" деді Ермек Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаева.

Оның айтуынша, сотта адвокаттар Ермек Нарымбаевты сотқа қатыстыру және сотты ашық өткізу туралы екі өтініш берген. Алғашқысы орындалмаған, ал екінші өтініш жартылай орындалған. Белсенді сотқа онлайн қатысқан.

Адвокаттың сөзінше, шешімге енді шағым түсіруге болмайды. Ермек Нарымбаев бұдан кейін ерте босап шығу туралы өтінішті сәуір айында ғана бере алады.

8 ақпанда Азаттық тілшісі Алматы облыстық сотына хабарласып көрген еді, телефон тұтқасын көтерген хатшы "процесс әлі бітпегенін, істен хабары жоғын" айтты.

Былтыр күзде 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен белсенді көп салмақ тастаған еді. Шамамен 20 келіден астам салмақтан айырылып, денсаулығы нашарлаған белсенді 25 қарашада кешкісін аштығын тоқтатты.

Жанар Балғабаеваның айтуынша, Ермек Нарымбаевтың денсаулығы түзелмеген.

"Ол өзін нашар сезінгендіктен қазір мекеменің медициналық бөлімінде жатыр. Бұған дейін Ермек өтініші орындалмаса, қайта аштық бастайтынын мәлімдеген. Әзірше жариялаған жоқ. Себебі шешім қазір ғана шықты" деді Жанар Балғабаева.

Азаттық Ермек Нарымбаев қамауда отырған мекемеден жауап ала алмады.

Былтыр желтоқсанның ортасында Қонаев соты түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады. Сол кезде өтініштің орындалмауына белсендінің түрмедегі айыппұлдары себеп деп айтылған еді. Адвокаттың айтуынша, сот белсендінің түпкілікті шешім шығарылмаған, даулы "айыппұлдарын" да есептеп жіберген.

52 жастағы Ермек Нарымбаев құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген. Оған саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жаза кесілген. 2015 жылғы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кетті. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда, полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге жабылған Нарымбаев жазасының үштен бірін өтеген.

Ермек Нарымбаев бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын бастан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 келі салмағынан айырылған. Өз айтуынша, ол "жеке басына жасалған әділетсіздіктерге" осылай қарсылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG