Accessibility links

Түркия мен Сирияда зілзаладан қаза болғандар саны 12 мыңнан асты


Президент Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккендермен кездесіп тұр. Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласы, 8 ақпан, 2023 жыл.
Президент Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккендермен кездесіп тұр. Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласы, 8 ақпан, 2023 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған 8 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккендерге алғашқы шұғыл көмек тиісті дәрежеде берілмей отырғанын мойындады. Reuters және өзге де ақпарат агенттіктері зілзаладан қаза болғандар саны 8 ақпанда кешкісін 12 мыңнан асқанын хабарлады. Қираған қала тұрғындары үкіметті сынап жатыр.

Мамыр айында өтетін президент сайлауына дайындалып жатқан Ердоған зардап шеккен аймақтарды аралап, шұғыл қызмет енді "қалыпты" жұмыс істей бастағанын, ешкім далада қалмайтынын мәлімдеді.

CNN жазуынша, мемлекеттің табиғи апаттың салдарын жою жұмысын халық әртүрлі бағалайды. Үкіметті сынаушылар жер сілкінісі жиі болатын Түркияда жедел көмек көрсету қызметін жетілдіруді баяғыда-ақ қолға алуы керек еді деген пікір айтқан. Мысалы, 68 жастағы зейнеткер Әзиз Карабекмез мемлекетті "халық ақшасын алып, түк бітірмей отыр" деп сынаған.

"Мемлекет жер сілкінісіне бейім. Олар біздің аумақты қорғауға тиіс еді. Үйінділерді аршып жатқан алдыңғы шепте жүргендердің көбі түрік емес, қазақтар мен шетел еріктілері. [Түрік құтқарушылары] қалай жұмыс істеу керектігін де білмейді. Неге?" деді ол.

Ал осы сияқты сын-шағымдармен келіспеген 23 жастағы студент Мұстафа Йылдырым CNN арнасына "жер сілкінісі бірінен кейін бірі болып жатыр, мемлекет бұдан артық не істей алады" деп шарасыздық білдірген.

"Елдің он қаласында 10 жер сілкінісі болды. Үкімет бұдан артық не істей алады? Мемлекет азаматтарына қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде хабарлама жіберді. Олар ғимараттардың берік-берік еместігін айтты. Олар босқындарға арналған орын, мешіт, мектеп және өзге орындарды ашып, жылытып қойды. Бәрі тегін" деді.

  • Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендер қатары 53 мыңнан асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Түркиядағы өкілдігі осындай мәлімет келтіреді. Сирияда жараланғандар туралы нақты мәлімет жоқ.
  • ЮНИСЕФ мәліметінше, жер сілкінісінен 1000-нан астам бала мерт болған.
  • Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта мыңдаған тұрғын баспанасыз қалған. Мыңдаған ғимарат қираған, оның ішінде аурухана, мектеп, көпқабатты тұрғын үйлер бар.
  • Іздеу-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам төтенше жағдай қызметкері мен 9 мың әскери қызметкер жұмылдырылған.
  • Әлемнің 70 елі Түркия мен Сирияға құтқарушылар мен дәрігерлер тобын жіберген. БҰҰ жер сілкінісінен зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық көмек беру үшін арнайы қорға 25 млн доллар бөлді.

XS
SM
MD
LG