Accessibility links

Соғысты зерттеу институты: Луганск облысында Ресей армиясы ірі шабуылға көшті


Украинада Луганск және Харьков облысының шекарасында Ресей әскері ірі шабуылға көшті. Американың Соғысты зерттеу институтының (Institute for the Study of War) күн сайынғы есебінде осындай тұжырым жасалады.

Ашық дереккөздерге сүйенген ISW сарапшыларының тұжырымдауынша, Ресей әскері Купянскіге жақын Сватово-Кременнаяның барлық аумағында шабуылға көшкен.

ISW мәліметінше, бұған осы ауданда Ресейдің кемінде үш ірі дивизиясы шабуылға жұмылдырылғаны дәлел бола алады.

Институттың мәліметіне қарағанда, шабуылға 144-ші және 3-мотоатқыштар дивизиясының бірнеше полкі қатысып жатыр. Операцияға 76-шы әуе-десант дивизиясы мен оңтүстік әскери округ бөлімдері де атсалысқан.

Алайда ресейлік топқа барлық резерв қосылып үлгермеген.

Әскери сарапшылардың айтуынша, шабуыл фактісінің өзі осы аумақта Ресей армиясының былтыр тамызда айырылған басымдығын қалпына келтіргенін көрсетеді. Алайда шабуыл басталса да, бұл ол сәтті өтеді дегенді білдірмейді. "Әскері мен техникасын қалпына келтірген соң, Украинада басымдықты қайтарып, контршабуылға көшу мүмкіндігі пайда болады" дейді ISW сарапшылары.

Американың барлау қызметі мен Батыс сарапшылары жыл басынан бері Мәскеу "украин армиясында оқ-дәрі біткенін пайдаланып, алдағы апталарда жаңа шабуылға көшеді" деген болжам айтқан. Кейінгі күндері Ресей Украинаға жаңа техника келмей тұрып, шабуылды бастап кетеді деген болжам жиі айтылған еді.

Өткен аптада Луганск облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай Ресей армиясы Украинаның Луганск облысына әскери техника мен солдаттарын әкеліп жатыр, 15 ақпаннан кейін аймақтың батысында шабуыл бастауға әзірлік үстінде деп хабарлаған. Financial Times басылымына да құпия дереккөз сол мерзімді айтқан.

Украина президенті Владимир Зеленский 5 ақпан күнгі мәлімдемесінде Ресей армиясы ақпанда "былтырғы жеңілістерін осылайша жуып-шаймақшы" деген. Украина қорғаныс министрі Алексей Резников те сол күні Ресей басқыншылығына бір жыл толар кезде Ресей армиясы шабуыл жасауы мүмкін деп топшылаған.

Мәскеу бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді.

XS
SM
MD
LG