Қырғызстан милициясы Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдында наразылық акциясын өткізбек болған ер адамды ұстады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, ұсталған адам елшілік алдында шина өртеген.
Ер адам акцияны өткізу себебін айтып үлгермеген. Ол тек [Ресей басшысы] Владимир Путинге жеті рет хат жазып, жауап алмағанын айтқан. "Мен тіпті видеомәлімдеме де жасадым, бірақ жауап жоқ" деді ол.
Бішкектің Бірінші май аудандық ішкі істер басқармасы 1961 жылғы Б.У. есімді ер адам ұсталғанын хабарлады. Басқарманың мәліметінше, "оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін" ол тергеу қызметіне жеткізілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Елшілік өкілдері оқиғаға түсініктеме бермеді.
Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдында бірнеше акция өткен. Наразылық ұйымдастырғандардың кейбірі соғысты айыптаса, кейбірі Ресей әрекетіне қолдау білдірген. Бұдан соң жергілікті билік ол жерде митинг, пикет өткізуге тыйым салды.