Украинадағы соғыста тәжік ғалымы Бежан Шарофов (Бижан Шаропов) қаза тапты. Тәжікстанда туып-өскен, Украинаның Ғылым академиясының қызметкері болған ол былтыр сәуір айында Изюм қаласындағы шайқаста жоғалып кеткен.
Оның соғыста қаза тапқанын Украина мен Тәжікстан билігі растады.
34 жастағы Бежан Шарофов Украина азаматтығын алған. Ресей Украинаға шабуыл бастаған кезде Украинаны қорғау үшін өз еркімен соғысқа аттанған.
Украина дипломаты Александр Шерба 9 ақпанда Facebook-тегі парақшасында Бежан Шарофов бірнеше ай бойы із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болғанын, кейін денесі ДНК арқылы анықталғанын жазды.
"Ол - нағыз күрескер, патриот болатын" деді дипломат. Айтуынша, сүйегі туыстарына берілген.
Бежан Шарофов соңғы рет Facebook-тегі парақшасына былтыр сәуір айында жазба қалдырған. Онда ол әскери көлік айдап үйренгенін жазған.
Бежан Шарофов "Айдар" батальонының сарбазы болған.
ПІКІРЛЕР