Accessibility links

Министрлік тапсырысы бойынша қазақша аудиокітап әзірлеген дубляж актерлері еңбекақы ала алмай отырғанын айтты


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша қазақ тілінде аудиокітап әзірлеуге кіріскен дубляж актерлері еңбекақы ала алмай отыр. Бұл жөнінде "31 арна" хабарлады.

Телеарнаның хабарлауынша, 2022 жылы қазанда 20 шақты адамнан құралған шығармашылық топ аудармамен айналысатын "Аттик Строй" компаниясымен келісімшарт жасасып, 15 кітаптың аудионұсқасын әзірлеуге кіріскен. Тараптар келіскеннен кейін таза дауыс жазатын қымбат құрылғы сатып алынған. Алты студия қосымша жабдықталған. Алайда ең соңында компания ақшасын төлеуден бас тартқан.

'Келісімшартқа қол қойғаннан кейін осы жобаға байландық, біз бәрінен бас тарттық. Күні-түні, азаннан қара кешке дейін бел жазбай жұмыс істедік. Егер олай істемесек, оны аяқтай алмаймыз. Үй көрмей, студияда түнеп жүрдік. Сол себепті бізге жалақы төлеуді талап етеміз" деді дыбыс маманы Азамат Қанапия.

Ақпаратқа қарағанда, 15 кітапқа ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырыс берген. Министрлік тендерді ұтып алған "Аттик Строй" компаниясымен 148 млн теңгеге шарт жасасқан. Алайда компания жобаны орындау мерзімін төрт күн кешіктірген. Бұған қоса, министрлік өкілдері аударма сапасына да қатысты сын бар деген.

"Кітаптар сапасыз, толық емес. Тексеру кезінде көп техникалық және грамматикалық қате табылды. Кейбір сөйлемді аударған кезде қазақ тілі грамматикасының ережелері сақталмаған. Бұған қоса, авторлық құқық мәселесі де бар" деді министрлікке қарасты басқарма жетекшісі Темірғали Түсіпов.

Ал "Аттик Строй" компаниясының өкілдері министрлік "тапсырыс берген кезде тиісті дәрежеде жұмыс істемеген" дейді. Мамандар аударылуы және дыбысталуы қажет материалдарды ұзақ уақыт ала алмаған. Ақыры компания өкілдері түпнұсқаны табу үшін көп уақыт кетірген.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Аттик Строй" компаниясы қазір өзара соттасып жатыр. Заңгерлердің айтуынша, жеңілген тарап жұмсалған шығынды төлейді.

XS
SM
MD
LG