Accessibility links

Мәскеу Астананы "орыс тіліне қолайлы жағдай жасауға" итермелеп жатыр ма? Қаңтар туралы фильмнің артында кім тұр? 


Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, қазан, 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, қазан, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Мәскеу Қазақстандағы ықпалын күшейтіп, билікті орыс тіліне қолайлы жағдай жасауға итермелеп жатқанын жазды. Сонымен қатар президент Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" идеясы не себепті Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтің "Жаңа Өзбекстан" стратегиясына ұқсас екенін талдады. Одан бөлек, Алматыда түсіріліп жатқан Қаңтар жайлы фильмнің артында кім тұр деген сұраққа үңілді.

"КРЕМЛЬ РЕСМИ АСТАНАНЫ ОРЫС ТІЛІНЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУҒА ИТЕРМЕЛЕП ЖАТЫР"

"Қаңтар оқиғасынан кейін Мәскеу Қазақстандағы ықпалын арттырып, билікті орыс тіліне қолайлы жағдай жасауға итермелеп отыр" дейді саяси сарапшы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада.

Тәжуітов Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев әкімшілігі Ресейге, елдегі этносы орыс азаматтар мен орыс тіліне басымдық бере бастады деп жазады. Автор бұған дәлел ретінде мынаны келтіреді: Ресей басылымдарының жазуынша, 2021 жылы Тоқаев халыққа арнаған жолдауының денін қазақ тілінде сөйледі. Алайда Қаңтар оқиғасында алаңға қазақша сөйлейтін жастар көп шыққанына қарамастан, оқиғадан кейін алғашқы сұхбатын орыс тілінде берген.

Тәжуітов 2021-2022 жылдары Ресейдің кейбір саясаткерлері, сарапшылары мен журналистері Қазақстанға ақпараттық шабуыл жасап, "Қазақстан үкіметінде ұлтшылдардың сыбайластары отыр" деп мәлімдегенін еске салады. Олар сол кездегі ақпарат министрі Асқар Омаровты "ұлтшыл және шовинистік көзқарастағы адам" деп айыптаса, сол уақыттағы білім министрі Асхат Аймағамбетовті "ұлтшылдардың сыбайласы" деген. Нәтижесі – Омаров 2022 жылғы қыркүйекте, ал Аймағамбетов 2023 жылдың қаңтарында қызметінен босатылды.

"Осылайша Астанадағы шенеуніктерге ғана емес, өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін жастарға қазақ халқының немесе қазақ тілінің мүддесін көздейтін және Ресей бақылаушылары мен ресми тұлғаларының ашуына тиетін кез келген әрекет сізге теріс әсер етуі мүмкін дегенді анық көрсетті".

Тәжуітовтің жазуынша, Ресей Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі үстемдігін пайдаланып, өз ақпарат құралдары арқылы Қазақстанға неоимпералистік бақылау орнатуға дағдыланған. Бұл ретте автор Ресейдің Lenta.ru интернет басылымында шыққан мақаладан үзінді келтіреді: "Қазақстан, интернетті былай қойғанда, теледидар сеткасының жартысы мен кітап нарығын бақыламайды. Қазір республикадағы элитаны қорғайтын Мәскеу қолдауының арқасында ақпараттық орта Қазақстан билігіне доспейіл. Ресей телеарналары Қазақстан басшылығын сынамайды...".

Автордың пайымдауынша, мұның астарында Қазақстан билігі ақпараттық қауіпсіздікке келгенде түгелдей "Мәскеудің қолдауына" тәуелді деген ой жатыр. Мұндай жағдайда Кремль мен көптеген ресейліктің Қазақстанға өркөкіректене қарайтыны таңғалдырмайды. "Сондықтан Батыста айтылып жүрген "Қазақстан Ресей құшағынан шығып жатыр" дегендей мәлімдеме көп қазақтың езуіне ащы күлкі үйіреді. Автор Мәскеу Қазақстандағы ықпалын арттырып, билікті орыс тіліне қолайлы жағдай тудыруға итермелеп жатыр деп есептейді.

Ал орыс тілінің үстемдігі Ресейге Қазақстан ақпарат кеңістігін бақылауға және діттеген мақсатына жетуге мүмкіндік береді. "Қалай болғанда да, Қазақстанның Ресейдің [гео]саяси және идеология ықпалына кіріп бара жатқаны сонша, Ресейдің кей аймақтарындағы жергілікті билік Қазақстандағы кейбір заңды тұлғаларды Ресей заңдарына бағынуға мәжбүрлеуге тырысып жатыр. Мұндайда Қазақстан Ресей юрисдикциясына қарай ма деген сұрақ еріксіз туындайды.

ҚАҢТАР ТУРАЛЫ ФИЛЬМНІҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Eurasianet басылымы Алматыда түсіріліп жатқан Қанды Қаңтар жайлы фильмнің артында кім тұр деген сұраққа жауап іздейді.

Ақпанның басында Алматыдағы Республика алаңында Қаңтар оқиғасы туралы фильмнің түсірілімі жүріп жатты. Мақала авторы Алмаз Куменов фильмді түсірушілер бір жыл бұрын Қаңтар оқиғасы болған алаңды жауып, өзге адамдарды өткізбес үшін ұлттық ұлан әскері аумақты қоршап тұрғанына назар аударады. Автордың жазуынша, Алматыда адам мен көлік көп жүретін көшені құқық қорғау органдары бірнеше сағатқа жауып, фильм түсіріліміне үлкен көмек көрсететіні – сирек және таңғалдыратын жағдай.

"Кинорежиссерлер мен биліктің соншалықты тығыз жұмыс істеуі бұл фильмді нақты кім және не үшін қолдайды деген сұрақ тудырды".

Билік Қаңтар оқиғасын "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған, қарулы содырлары бар топ ұйымдастырды" деп түсіндіреді. Eurasianet бұл нарратив үкіметке қарсы бұған дейін болған наразылықты елемейді деп есептейді.

Қаңтар туралы түсіріліп жатқан фильм оқиғаны қалай түсіндіретіні әзірше белгісіз, мән-жай фильм шыққан соң ғана белгілі болмақ. Автор қазірдің өзінде фильмге күмәндана қараушылар бар дейді.

Фильмге әзірше Qaitalanbasyn деген атау қойылған, "фильмнің түсірілім кадрлары желіде пайда болған сәтте-ақ "оны билікпен байланысы бар миллиардер Александр Машкевичке тиесілі Salem Social Media компаниясының продюсерлері түсіріп жатыр" деген сыбыс тарады. Мұның ізіне түскендер фильм продюсері Salem Social Media-да істеген Анар Жүнісова екенін айтты".

Qaitalanbasyn жобасының Instagram-дағы парақшасына пікір жазғандар фильм авторлары билік тапсырмасын орындап, оқиғаны бұрмалап көрсетпек деп сынап жатыр.

Жүнісова Eurasianet-ке берген сұхбатында өзі мен командасы "билік тапсырмасын орындап жатыр" және "мемлекеттен ақша алды" дегенді жоққа шығарды. Айтуынша, ол Salem желісінде жұмыс істемейді, ал фильмге ақшаны аты-жөнін жария еткісі келмеген жеке инвесторлар берген.

Автор бұған дейін Қаңтар туралы Әлішер Жәдігеров пен Аружан Досымқожа түсірген қысқаметражды фильмдерді Алматыдағы "Байқоңыр" кинотеатры фестиваль кезінде көрсетуден бас тартқанын еске салады. Ұйымдастырушылар мұны "техникалық мәселелер" шығып қалғанынан деп түсіндірді. Жәдігеров түсірген фильмде президент Тоқаевтың ескертусіз оқ ату бұйрығы жанама түрде сынға алынады. Жәдігеров фильмді көрсетпесін деген бұйрық ықпалды адамдардан келіп түсті деп есептейді.

Билік Қаңтар оқиғасында не болғанын айтуға құлықсыз, басты ұйымдастырушылар болды делінген күш құрылымдарының бұрынғы басшыларының үстінен қозғалған істерді құпиялап тастаған.

Әлішер Жәдігеров халық шындықты білуге құқылы, бірақ қазіргі билік тұрғанда шындыққа жету екіталай деп есептейді.

ТОҚАЕВТЫҢ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНЫ" МИРЗИЯЕВТЫҢ "ЖАҢА ӨЗБЕКСТАН" СТРАТЕГИЯСЫНАН БАСТАУ АЛА МА?

АҚШ-та шығатын National Interest басылымы Өзбекстан мен Қазақстан президенттері ұсынған реформалар елді шынымен өзгеріске бастай ма дегенге үңілді.

2021 жылы екінші президент мерзіміне кіріспес бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев режим мен елдің саяси құрылымын өзгертуге бағытталған "Жаңа Өзбекстан" стратегиясын жария етті. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін "Жаңа Қазақстан" бастамасын көтеріп, реформаларды іске асыруға уәде етті.

Мақала авторы, Словакияда орналасқан Талдау, есептілік және мониторинг орталығының ғылыми қызметкері Сердор Аллаяровтың жазуынша, Қазақстан ұсынған реформалар моделі Өзбекстан ұсынған стратегияға ұқсас. Қазақстан елге шетел капиталын тарту, шағын және орта бизнесті дамыту және өмір сүру шарттарын жақсарту есебінен экономикалық өсімге жетуді көздейді. Зерттеуші бұл Тоқаевтың реформа жасауға алғашқы ұмтылысы емес екенін еске салады.

Мирзияев президент қызметіне кіріскен алғашқы жылы 2017 жылға арналған "Халықпен диалог және адам мүддесі" бағдарламасын жариялады. Оған сәйкес, азаматтар өзекті мәселеге үн қосу арқылы саясатты қалыптастырады. Тоқаев та дәл сол сияқты 2019 жылы ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, "естуші үкімет" бастамасын көтерген.

Мирзияев 2021 жылы президент сайлауына түскенде "Жаңа Өзбекстан" идеясын ұсынды, кейін екінші президенттік мерзіміне кіріскенде "Жаңа Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясын" жария етті. Аллаяровтың талдауынша, Тоқаев ұсынған "Жаңа Қазақстан" реформаларына үңілсең, ондағы маңызды жайттар Мирзияевтың "Даму стратегиясы" мен "Іс-әрекет стратегиясынан" бастау алады.

Зерттеуші екі ел дамуының модельдері ұқсас екенін ескерсек, Қазақстан болашақта Өзбекстанмен әлеуметтік-экономикалық және саяси қарым-қатынасын күшейтуі керек деп есептейді. Екі ел бір-біріне жақын орналасқандықтан, сауда-экономика, энергетика, логистика мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы әріптестік Астанаға да, Ташкентке де пайда әкелер еді. "Ең маңыздысы, Өзбекстан мен Қазақстан арасында бәсекелестік болмауы керек, даму мен өсімге қол жеткізу үшін ынтымақтастық керек және аймақтағы қақығыс пен басқа мәселерді шешкенде бір-біріне қолдау көрсетуі қажет.

Автор сонымен қатар аймақтың болашақта экономикалық ахуалы қалай болары белгісіз, сондықтан екі ел Батыс санкцияларына ілінбеу үшін Ресеймен қарым-қатынаста абай болуы керек дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG