Accessibility links

Оралда "митинг қарсаңында" полиция белсендіні ұстаған


Пикет жасап тұрған тұрған белсенді Орынбай Оқасов. Орал, 10 ақпан, 2020 жыл.
Пикет жасап тұрған тұрған белсенді Орынбай Оқасов. Орал, 10 ақпан, 2020 жыл.

Оралда 9 ақпанда кешкісін полицейлер азаматтық белсенді Орынбай Оқасовтың көлігін тоқтатқан. Белсендінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылған. Оқасов кінәлі деп танылса, қамалуы мүмкін.

Белсенді 9 ақпанда сағат 21.00 шамасында үйіне қайтып бара жатқан кезде өзін полицейлер тоқтатқанын хабарлады. Оқасовтың айтуынша, полиция қызметкерлері оны "ішкенсің" деп ұстауға тырысқан. Ол ішімдік ішпегенін айтады.

– Әкіммен кездесуде болып, үйіме қайтып келе жатқанмын. Ішпегенмін. Мені оқшаулағысы келгендіктен, ұстауға тырысқан болар, – деді Оқасов 9 ақпанда.

Белсенді көліктен шықпайтынын және "заңбұзушылықты камераға түсіретін" әріптестері келмейінше отыра беретінін айтқан. Ізінше полиция Оқасовты "алкоголь ішкенін-ішпегенін" анықтайтын сараптама орталығына апарған. Оның алдында полицейлер белсендінің көлігінің терезесін шаққан.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті 10 ақпанда баспасөз хабарламасын таратты. Онда Оқасов 9 ақпанда сағат 20.40 шамасында (Астана уақытымен сағат 21.40) ұсталғаны, одан "алкогольді ішімдік ішіп алып, көлік айдау белгілері" байқалғаны жазылған.

"Құқық қорғау өкілі одан көліктен түсуді талап етсе де, ол орындамаған. Бұдан соң көліктің әйнегі сындырылды. Көлік құжаттарын тексерген кезде ол дөрекілік танытып, "қызметкерлер заңсыз әрекет етті" деп видеоға түсірген" деп жазылған полиция хабарламасында.

Полицияның айтуынша, Оқасов қанында алкоголь бар-жоғын тексертуден бас тартқан. Полиция қызметкері оның үстінен "жол ережесін бұзу" және "полиция қызмекерінің талабына бағынбау" баптары бойынша хаттама толтырған.

10 ақпанда Оқасов ісі бойынша әкімшілік сот 15 ақпанға ауыстырылды. Азаттық тілшісі белсендінің адвокатымен сөйлесе алмады. Оқасовтың өзі жұма күні байланысқа шықпады.

Бұған дейін Қазақстан қалаларында 11-12 ақпанда тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап ететін бейбіт митинг өтетіні хабарланған. Белсенділер сонымен бірге тәуелсіз партияларды тіркеуді де талап ететіні айтылды. Әкімдіктер "бұл күндері басқа шаралар өтетінін" айтып, белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішін мақұлдамаған.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, елдегі маңызды мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Сол үшін әкімшілік жауапқа да тартылған. 2021 жылы қарашада "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсендінің бостандығы бір жылға шектелген. Бірақ "митингіге қатыспақ болғаны үшін" бірнеше айдан соң түрме жазасы берілген еді. Белсенді былтыр күзде түрмеден босап шықты.

XS
SM
MD
LG