Accessibility links

Теңізде ТШО мердігерінің жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты


Теңіз кенішіндегі жұмысшылар ереуілі. 11 ақпанда әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінің скриншоты. Атырау облысы, 2023 жыл.
Теңіз кенішіндегі жұмысшылар ереуілі. 11 ақпанда әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінің скриншоты. Атырау облысы, 2023 жыл.

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде "Теңізшевройлға" (ТШО) мердігер "Сенімді құрылыс" компаниясының 200-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Жұмысшылар ереуілге шыққанын Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова растады. Оның айтуынша, ереуіл 11 ақпанда сағат 10.30-да басталған.

Аты-жөнін айтпаған Теңіз кенішінің жұмысшысы Азаттыққа жұмысшылар бірнеше талап қойып отырғанын жеткізді. Ең негізгісі – инфляцияға байланысты жалақыны 20 пайыз өсіру, еңбек жағдайын жақсарту, жеке қорғаныш заттарымен (СИЗ) қамтамасыз ету, жатақханаларды жаңарту. Бұған қоса, инфляцияға байланысты 500 мың теңге көлемінде бірреттік төлем төлеу туралы да талап қойылғаны хабарланды.

Жұмысшының айтуынша, сенбі күні компания өкілдері еңбеккерлердің талабын жазып алып кеткен. Олар шетелдегі бас директормен кеңесіп, шешімін айту үшін жұмысшылармен қайта кездесетінін айтқан.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова компанияның Теңіз кен орнындағы жұмысы уақытша тоқтап тұрғанын жеткізді.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан Sk деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар бір-біріне "кеттік" деп айқайлап бара жатқаны көрінеді.

Компания кен орнындағы үшінші буын зауытында күрделі жөндеумен және құрылыспен айналысады.

Жұмысшылар басшының шешімін күтуге бекінген. Қазір ереуіл жалғасып жатыр.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі ереуілге байланысты хабарламасында жұмысшылардың талабы туралы былай деді.

"2023 жылғы 11 ақпанда сағат 10.30-да үзіліс кезінде Теңіз кен орнының үшінші буын зауытының 42-учаскесіне тартылған Senimndi Kurylys ЖШС-нің 200 қызметкері жиналып, 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұмысқа қабылданған қызметкерлерге бірреттік сыйақы туралы түсіндірме беруді талап етті" деп жазылған.

Әкімдіктің хабарлауынша, қазір Теңіз кен орнында арнайы комиссия құрылған. Оған Жылыой ауданының әкімі Қаражанов жетекшілік етеді. Комиссия құрамына ТШО өкілдері, "Сенімді құрылыс" басшылары мен жұмысшылары, Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері де кірген.

"Теңізшевройл" компаниясының баспасөз қызметі ақпарат құралдарына бірнеше сөйлемнен құралған хабарлама таратты.

"2023 жылғы 11 ақпанда "Теңізшевройл" компаниясына "Сенімді құрылыс" мердігерлік компаниясының қызметкерлері бірреттік сыйақы бойынша алаңдаушылық білдіргені туралы мәлімет келіп түсті. ТШО-ға келіп түскен ақпарат бойынша, мердігер компания басшылығы туындаған мәселелерді шешу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Барлық сауал мердігер компанияның басшылығына жолдануға тиіс" деп жазылған.

Теңіз кеніші Атыраудан 340 шақырым жерде. Оны игеретін "Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниялары кіреді.

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі Теңізден шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG