Қазақстан соты Ресейде іздеу салынған анархист Денис Козакты 40 күнге қамады. Бұл жөнінде 11 ақпанда "Новая газета" басылымына қазақстандық Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Денис Дживага хабарлады.
Басылымның жазуынша, 12 ақпанда Денис Козак тергеу изоляторына ауыстырылады. Ол Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрап, өтініш жазған. "Өтініші үш ай ішінде қаралуы мүмкін, қаралу мерзімі алты айға да созылуы мүмкін" дейді Дживага.
Денис Козакты Алматы полициясы 9 ақпанда ұстаған. Ақпаратқа қарағанда, оған Ресейде "терроризмді ақтау" бабы бойынша айып тағылып, іздеу жарияланған.
Бұған дейін The Insider басылымы Алматы полициясы Мәскеуге Козакты ұстағанын хабарлайды деп жазған. "Козакты Қазақстаннан Ресейге депортациялай ма?" деген сұраққа полиция қызметкерлері "Иә" деп жауап берген.
Козак 2018 жылы ФСБ-ның Архангельскідегі ғимараты алдында өзін-өзі жарып жіберген студент Михаил Жлобицкий туралы әлеуметтік желіде пост жазған. Осыдан соң оның үстінен "терроризмді ақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тінту жүргізілген. Козактың өзі ақпарат құралдарына "жазбасында Жлобицкийдің әрекетін ақтамағанын" айтқан.
ПІКІРЛЕР