Accessibility links

Қырғызстан президенті әкімшілігі Садыр Жапаров АЕ/АР басшысы Джейми Флаймен кездескенін хабарлады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай. 2021 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай. 2021 жыл.

Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флайды қабылдады. Бұл жөнінде 11 ақпанда Қырғызстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу кезінде Садыр Жапаров Қырғызстанда "тәуелсіз БАҚ-тың жұмыс істеуіне барлық жағдай бар", "тек олар жалған ақпаратқа тыйым салатын ұлттық заңнама талаптарын орындауы керек" деген.

Жуырда Джейми Флай 8-9 ақпан күндері Бішкекте президент Садыр Жапаровпен, биліктің басқа да өкілдерімен және Қырғызстанның азаматтық қоғам белсенділерімен кездескенін хабарлаған. Кездесу кезінде Азаттықтың Қырғыз қызметіне қатысты ахуал талқыланған. Ол әрбір кездесу кезінде Азаттықтың тәуелсіз БАҚ ретіндегі рөліне тоқталғанын айтқан.

"Біз Қырғызстан билігін тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл жасауын доғарып, аймақтағы ең еркін медиакеңістікті сақтауға шақырамыз" деген еді Флай.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда "Азаттык Медиа" деген атпен тіркелген.

Қырғызстан мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі былтыр 26 қазанда "Азаттык Медиа" сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған. 31 қазанда "Азаттык Медианың" "ДемирБанктегі" шоты бұғатталды.

26 желтоқсанда Қырғызстан аумағында "Азаттык Медиаға" қойылған шектеу мерзімі ұзартылды. Биыл 23 қаңтарда мәдениет министрлігі сотқа "Азаттык Медиа" сайтының жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.

9 ақпанда Бішкектің Ленин аудандық сотында мәдениет министрлігінің шағымы бойынша сот отырысы өтті. Бірақ ведомство өкілдері сот тыңдауына келген жоқ. Мәдениет министрлігі сот кеңсесіне процесті ауыстырып, лингвистикалық сараптама тағайындау туралы өтініш бергені белгілі болды. Судья отырысты 20 ақпанға тағайындады.

9 ақпанда Бішкек әкімшілік сотында "Азаттык Медианың" ҰҚМК және қаржы барлау мемлекеттік қызметі үстінен түсірген сот отырысы да өтті. "Азаттык Медиа" шотты бұғаттау қаншалықты заңды екенін тексергісі келеді. Азаттық заңгерлері сотта барлау қызметінен мекеменің шотын бұғаттау туралы шешімді көрсетуді сұрады. Құжат жоқ болғандықтан, сот процесі 16 наурызға белгіленді.

XS
SM
MD
LG