Accessibility links

Украина әскерінің қолына түскен тұтқындар CNN-ге "Вагнер" әскери тобының шығынын айтты


"Вагнер" әскери тобының жарнамасы.
"Вагнер" әскери тобының жарнамасы.

Украина әскерінің қолына түскен Ресейдің "Вагнер" қарулы тобының екі мүшесі АҚШ-тың CNN телекомпаниясына ұрыс қимылдары кезінде Ресей әскері көп шығынға ұшырағанын, "Вагнер" мүшелерін командирлері атып тастай салатынын айтты.

CNN екі тұтқынның қауіпсіздігі үшін олардың аты-жөнін атамаған. Тұтқындармен журналист Украина әскери қызметкерлерінің қатысуымен сөйлескен.

Ресей азаматтары 2022 жылдың аяғында тұтқынға түскен. Екеуі де бұрын көп жылға сотталған. Бірі адам өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған.

Тұтқындар Луганск облысындағы Белогоровкаға қалай шабуыл жасалғанын айтып берген. Олардың сөзіне қарағанда, отрядтарындағы 90 адамның 60-ы артиллериямен атқылағанда өлген. Осындай зор шығын шабуылды әрі қарай жалғастыруға кедергі болған.

"Егер бір отрядтың шабуылы сәтсіз болса, екіншісін жібереді, ол да сәтсіз аяқталса, үшіншісін аттандырады" дейді олар. Тапсырманы орындай алмай шегінгендерді атып тастаған. Шабуылға шығаудан бас тартқан жауынгердің бірін өзіне-өзі көр қазуға мәжбүрлеген. Тұтқындардың әңгімесіне қарағанда, соғыс алаңында жараланғандарды ешкім алып кетпейді, олар өз күшімен жетуге тиіс.

Тұтқындардың сөзінше, оларды "Вагнер" тобына Евгений Пригожинің өзі тартқан, алты айдан кейін рақымшылық жасап, соттылығын алып тастауға және кредиттерін өтеуге көмектесуге уәде берген.

Оларға "Украина әскері қашып кетті, сендер Польша мен Германиядан келген жалдамалылардың көзін жоясыңдар" деп түсіндірген.

"Вагнер" әскери тобының ұйымдастырушы Пригожин де, топтың өзге басшылары да бұл жөнінде пікір айтқан жоқ.

Вагнер" әскери тобы – Ресей қорғаныс министрлігіне не болмаса басқа да мемлекеттік құрылымдарға "қатысы жоқ" әскери құрама. Бейресми топ Сирия мен Африкадағы қақтығыстарға және Украинадағы соғысқа қатысып жүр. Ресейдің бейресми құрамасына ауыр қылмыстары үшін сотталғандар алынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG