Швейцарияның Credit Suisse банкі Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Ресейдің 17,5 миллиард франкке жуық активін (шамамен 19 миллиард доллар) бұғаттағанын хабарлады. Бұл ақпаратты Tages-Anzeiger газеті жексенбіде жариялады.
Мәліметке қарағанда, Ресейдің Швейцариядағы активтерінің жалпы құны шамамен 46 миллиард франкке тең. Бұл есеппен алғанда, Credit Suisse шотында Ресей активтерінің үштен бірі бұғатталды деген сөз. Оның шамамен 4 миллиард долларға жуығы ғана Еуропа одағының санкция тізіміне іліккендерге тиесілі. Еуропа одағының санкциясына Швейцария да қосылған.
Қалған 13,6 миллиард доллар АҚШ секілді өзге де елдердің санкциясына іліккен тұлғалардікі саналады. Олардың арасында Ресей миллиардері Виктор Вексельберг те бар. Ол Еуропа одағының санкция тізімінде болмаса да, Credit Suisse банкіндегі шотынан ақшасын шығара алмаған.
Бұғатталған активтің тағы бір бөлігі Ресейдің орталық банкіне тиесілі болуы мүмкін.
Газеттің жазуына қарағанда, Швейцарияның UBS банкінде 7,5 миллиард доллар бұғатталған.
Бұл ақпарат Credit Suisse банкінің ахуалы күрделі кезде жарияланып отыр. Бұл компания былтыр өз тарихындағы ең көп шығынға ұшыраған. Газет "Бұл жайт соғыс басталғаннан кейін Ресей капиталының жаппай қашуына байланысты емес пе екен?" деген сұрақ қояды.
Санкция салынған елдерде Ресейдің қанша активі бұғатталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. 2022 жылдың аяғында Еурокомиссия оны 60 миллиард еуродан астам деп көрсеткен. Кей болжамдарға қарағанда, Батыс елдерінде Ресей орталық банкінің 300 миллиард доллары бар. Алайда қазіргі сәтте Еуропа одағы бұл қаржының бір бөлігін ғана тапқан.
ПІКІРЛЕР