Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы сейсенбіде мәжіліс сайлауына "Ауыл" партиясы ұсынған тізімді тіркеді. ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, партия тізіміндегі 25 адамның бәрі заң талабына сай келеді.
"Ауыл" партиясы 4 ақпанда Астанада өткен съезде тағы да тоғыз мүшесін бірмандатты округтер арқылы ұсынатынын мәлімдеген. Партияның мәліметіне қарағанда, жергілікті мәслихаттар сайлауына "Ауыл" партиясының 600-ден астам мүшесі қатысады.
Смағұловтың сөзінше, партия міндетті сайлау жарнасын төлемейді. Партиялар мәжіліске түсетін әрбір өкілі үшін өз сайлау қорынан 1 миллион 50 мың теңге төлеуге тиіс, бірақ бұған дейінгі мәжіліс сайлауында бес және одан да көп пайыз дауыс алған партиялар жарна төлемейді. 2021 жылы өткен мәжіліс сайлауында "Ауыл" партиясын ОСК 5,29 пайыз дауыс жинады деп көрсеткен.
ОСК бұған дейін "Ақ жол" партиясы мен Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның және Қазақстан халық партиясының тізімін тіркеген.
Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтеді. Сайлауға кандидаттар ұсыну 8 ақпанда аяқталған, тіркеу 18 ақпанда аяқталады. Мәжіліс сайлауына ресми тіркеуде тұрған жеті партия түседі.
ПІКІРЛЕР