Accessibility links

Вице-премьер Алтай Көлгінов: Орал әуежайына жеке инвестор бір тиын да жұмсаған жоқ, бәрін мемлекет жөндеген


Орал әуежайы терминалының ескі ғимараты. 24 қазан, 2014 жыл
Орал әуежайы терминалының ескі ғимараты. 24 қазан, 2014 жыл

14 ақпанда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Орал әуежайы акциясының 49 пайызы не себепті Ресей олигархының компаниясына берілгені туралы журналистер сұрағына жауап беріп, бұл мәселені зерттеу қажет екенін мәлімдеді.

Алтай Көлгінов бұрын Батыс Қазақстан облысының әкімі болған.

"Орал әуежайы мен ұшып-қону жолағы, тіпті жаңа терминалы да күрделі жөндеуден өткен. Оның бәрі мемлекет қолдауымен жасалған. Менің ойымша, мемлекет жөндеген бұл стратегиялық нысан мемлекеттің өзінікі болуға тиіс. Терминал жекеменшікте болды. Бірақ ол жөндеу жұмыстарына бір тиын да қосқан жоқ, бәрін мемлекет жасады" деген Көлгінов "сондықтан бұл жайтты тексеру керек" деді.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайы сенімді басқаруға берілгенін айтты. Әуежайдың белгілі бір бөлігі жергілікті әкімдік пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды.

Жамаубаевтың "менің білуімше, ұшып-қону жолағы ғана республикалық меншікте. Сондықтан стратегиялық нысанға Қазақстан резиденті еместер иелік етпейді. Сөз стратегиялық ұшып-қону жолағы туралы емес, әуежайды басқарып отырған ЖШС туралы ғана" дегенін LS басылымы жариялаған.

Министр толық ақпаратты кейін беруге уәде етті.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы, Ресеймен шекарадан 100 шақырым жерде тұрған Орал қаласы әуежайының сатылғаны жайлы ақпарат 10 ақпанда пайда болған. Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың жаңа құрылтайшыларының бірі – "Орал аэропорт холдинг" компаниясы. 2022 жылы құрылған бұл компания құрылтайшыларының бірі – Ресей миллиардері Виктор Вексельбергке қатысы бар "Ретранс" акционерлік қоғамы. Украинадағы соғысқа байланысты Батыс салған санкцияға Вексельберг те ілінген.

"Орал аэропорт холдинг" компаниясының тағы екі құрылтайшысы – "Уральск менеджмент" (бенефициар және "Орал аэропорт холдинг" жетекшісі Сергей Артюгин) компаниясы және бұрын Қазақстан даму банкі мен "Қазазот" компаниясында басшылық қызметтерде істеген Дәулетхан Қилыбаев.

Орал әуежайының Ресей олигархына қатысы бар компанияға сатылғаны туралы түсініктеме берген Батыс Қазақстан облысының әкімдігі терминалдың жаңа ғимаратын сенімді басқарудың "шағын ғана үлесі" сатылғанын айтқан. Әкімдік мұндай келісімді білмей қалғанын алға тартқан.

Әкімдік өкілі Айдар Менеев "алаңдаудың керегі жоқ. Бұл негізгі пакет емес"деген болатын. Ол "шағын ғана үлес" деп Ресей компаниясына берілген 49 пайыз акцияны атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG