Өмір бойына сотталған Владислав Челахтың үндеуін тексеріп, қылмыстық іс материалдарын талап ететінін мәлімдеген бас прокуратура Азаттыққа тексеру қорытындысын айтудан бас тартты.
2012 жылы Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен өмір бойына сотталған Владислав Челах былтыр желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, тергеу процесін қайта жүргізуді сұраған. Ол 2012 жылы мамырда 15 адамды өлтірмегенін, шекара бекетіне "шабуыл жасалғанын", өзін "заңсыз соттағанын" және "шындықты ашуға дайын" екенін айтқан.
Бас прокуратура Челахтың туыстарына берген жауабында "Владислав Челахқа қатысты сот актісіне келіспеу туралы мәлімдеме қаралды, іс зерттелді" деп жазылған.
"Сотталушы Челах өзінің құқықтарын жүзеге асырып, сот актілеріне өз бетімен шағым түсіріп, бас прокуратураға қайырылды" деп жазылған бас прокуратура жауабында. Жауапқа ведомствоның екінші қызмет бастығының орынбасары Жанболат Туғанбаев қол қойған. Алайда жауапта тексеру нәтижесі жазылмаған.
"Немерем түрмеден хабарласып, шағымына жауап келгенін айтты. Жауапта оны "заңды соттаған", "істі қайта қарауға негіз жоқ" деп жазылған. Енді жалғыз үміт Конституциялық сотта. Влад сол жаққа шағымданатынын айтты" деді Владимир Челахтың атасы Азаттық тілшісіне.
Азаттық бас прокуратураға Челахтың үндеуіне байланысты ресми сауал жолдаған. Редакция ведомстводан Челахтың үндеуіне қатысты қандай шешім шығарылғанын сұраған. Бұған дейін бас прокуратура "қылмыстық іс материалдары әскери соттан алынады, Челахтың айтқандары тексеріледі" деп мәлімдеген. Сол кезде бас прокуратура өкілдері Челахтың туыстарына ол "жаңа жайттар бойынша тергеледі" деген. Челахтың туыстарының сөзіне қарағанда, осыдан кейін түрмеге прокуратура өкілдері барып, Челахты тергеген, құжат толтырып, қол қойғызған.
Азаттық бас прокуратураға мынадай сауалдар жолдаған: Челахтың үндеуін қарағаннан кейін прокуратура қызметкерлері қандай қорытындыға келді? Іс бойынша жаңа жайттар мен фактілер анықталды ма?
Екі аптадан соң 14 ақпанда ведомство "өтініште сұрақтың мәні жазылмаған. Қылмыстық іс бойынша сұрақтар әкімшілік процедуралық-процестік емес, қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша қарауға жатады" деген жауап жолдады.
Владислав Челах пен оның туыстары шағым жазып, 2013-2022 жылдар аралығында сот актілерін даулауға тырысқан. БҰҰ Адам құқығы комитетіне де мәлімдеме жасалды.
2012 жылғы 28 мамырда Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекарадағы Арқанкерген бекетінде 15 адам – 14 әскери қызметкер мен жақын маңдағы аңшылық шаруашылығының инспекторы қаза тапты. Қылмысқа Қарағандының тумасы, әскерде міндетті азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгер Владислав Челах кінәлі деп танылды. Ол 2013 жылғы наурыздан бастап өмір бойына түрме жазасын өтеп жатыр.
Жауынгер Денис Рей мен Мейірхан Именовтің сүйегі сол күйі табылмаған. Тергеу жауынгерлердің түр-тұлғасын анықтау мүмкін болмағанын айтып, оларды із-түзсіз жоғалды деп жариялаған. Денис Рейдің анасы ақпарат құралдарына ешбір сараптама шекара бекетінен табылған мәйіттер арасында ұлының сүйегі барын анықтай алмағанын айтқан. Екі жылдан кейін сот шешімімен Рей Арқанкерген оқиғасында қаза тапқан адамдар тізіміне қосылды. Рей мен өзге де сотталушылардың туыстары ҰҚК, бас прокуратура және қаржы министрлігімен соттасып, моральдық шығын төлеуді талап еткен. Бірақ олардың өтініші орындалмады.