Accessibility links

Астана әкімдігі БАҚ туралы "жаңа заңға" қарсы митинг өткізбек болған құқық қорғаушылардың өтінішін кері қайтарды


"Оппозиция митингісі өтеді" деген күні цирк маңын тазалап жүрген жұмысшылар. 27 наурыз, 2021 жыл.
"Оппозиция митингісі өтеді" деген күні цирк маңын тазалап жүрген жұмысшылар. 27 наурыз, 2021 жыл.

Астана қаласының ішкі саясат басқармасы "Масс-медиа туралы" заң жобасына қарсы митинг өткізгісі келген құқық қорғаушылардың өтінішін мақұлдамады. Бұған дейін журналистер мен баспасөз ұйымдары "құжат қабылданса, ақпарат құралдарына мемлекет бақылауы күшейеді" деп алаңдаған.

"Құқықтық медиа-орталық" ұйымының заңгері Гүлмира Біржанованың Азаттыққа айтуынша, жұмыс тобы 18 ақпанда цирк маңында шамамен 200 адам қатысатын митинг өткізгісі келетінін хабарлап, әкімдікке ескерту хат тапсырған. 15 ақпанда кешке әкімдіктен жауап келген.

Астана қаласы ішкі саясат басқармасының жауабында ұйым өкілдері сұраған орын 18 ақпанда бос болмайтыны, онда бейбіт жиын өтетіні айтылған. Бірақ шенеуніктердің жауабында ол жерде кім қандай шара өткізетіні жазылмаған. Жауапқа ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов қол қойған.

"Біз митинг кезінде президентке үндеу жасап, оны ресми түрде жөнелткіміз келген. Оған қатысқан журналистер, жұмыс тобының мүшелері "Масс-медиа туралы" заң жобасын қабылдауға келіспейтінін айтушы еді" деді Гүлмира Біржанова.

Қаңтардың аяғында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген "Масс-медиа туралы" заң жобасын талқылау аяқталды. Жұмыс тобының мүшелері жобаның мазмұнын legalacts.egov сайтынан бір-ақ оқығанын айтады. Жобаны журналистер мен баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдар сынға алған. Олар бұл құжатта сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін, журналистер жұмысын шектейтін норма көп деп есептейді.

Баспасөзді қорғау ұйымының өкілдері әсіресе диффамация туралы істер бойынша талап қою мерзімін алып тастау, пресс-карта беру арқылы "журналистерді есепке алу" және "төтенше жағдай кезінде" ақпарат мәтінін лауазымды тұлғалармен келісу туралы талаптарды сынайды.

Бұған дейін баспасөзді қорғау ұйымдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасап, "үкімет әрекетін ерекше бақылауға алуға" үндеген. Оған 900-ден астам адам қол қойған.

"Бұл әрекет масс-медиа саласының дамуына үлес қосатын жаңа, озық заң жобасын жасауға талпынған қауымдастықтың еңбегін жоққа шығарады. Жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше, БАҚ саласына мемлекеттің бақылауын күшейтеді, бұл халықаралық стандарттарға қайшы және Қазақстандағы медиа саласының дамуын тежейді" деп жазылған мәлімдемеде.

"Біз жаңа заң жобасын дайындағымыз келген, бірақ қолымызға іс жүзінде жаңа жоба емес, бұрыннан бар, журналистердің жағдайын нашарлататын қосымша нормалармен толықтырылған заң тиіп отыр. Заң жобасының соңғы нұсқасын жұмыс тобымен келісіп алуы керек еді. Ол мүлде жаңа заң болғанын қалаған едік" деді Гүлмира Біржанова.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "БАҚ туралы" заңды "мемлекеттің мүддесі мен қоғам сұранысын және медиа саласындағы даму тенденцияларын ескере отырып" қайта қарау қажет екенін мәлімдеген. Кейін Қазақстан саясаттанушылары билік сөз еркіндігін бақылауды күшейтуге талпынып жатыр деп топшылаған.

Баспасөзді қорғау ұйымдарының айтуынша, даулы заң жобасы парламентте көктемде қаралуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG