Accessibility links

Ұлттық банк алдында бір топ адам "7-20-25" бағдарламасындағы "лимитті" алып тастауды талап етті


Астанада бір топ үлескер "7-20-25" бағдрламасындағы лимитке наразылық білдірді. 16 ақпан, 2023 жыл.
Астанада бір топ үлескер "7-20-25" бағдрламасындағы лимитке наразылық білдірді. 16 ақпан, 2023 жыл.

16 ақпанда Астанада Ұлттық банк алдына бір топ адам жиналып, "7-20-25" бағдарламасына қойылған жылдық шектеуді алып тастауды талап етті. Олар Ұлттық банк жеңілдетілген ипотекаға жылдық лимит бекітіп, ақшаны әр тоқсанға бөліп беретініне наразы. Айтуынша, айына 8 миллиард теңгеден келетін шектеу ешкімге жетпейді.

"Мысалы, біздің чатта алдында 700 адам болған, қазір 900 адам болып тұр. 700 адамның өзін есептегенде, орта есеппен, мысалы, сіз үйді 20 млн теңгеге алатын болсаңыз, соны 700 адамға көбейтсеңіз, 14 млрд теңге шығады. Ал 8 млрд мүлде жетпейді ғой" дейді Астана тұрғыны Жайнар Қайырбекова.

Наразылардың сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама бойынша өтініш берушілердің саны көптігіне қарамастан, банк бөлімшелері небәрі бірнеше адамнан ғана қабылдап жатыр. Бұл баспанаға зарыққан халықтың сұранысына мүлде сәйкес емес дейді.

"Менің балаларым 11 млн теңгеден құйды. Мен үйімді сатып, ақшасын балаларға беріп, қазір пәтер жалдап отырмыз. Енді қараңыз, менің екі балам да осы бағдарламаға қатысып жатыр. Қазір 13-іне дейін үлгермесек, біздің ақшамыз да кетеді, бәрі кетеді. Сонда біз ары қарай не істейміз?" деді наразылардың бірі Қорлан Жұмәділқызы.

Тұрғындар Назарбаев бекіткен бағдарламаны шектемеуді сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

Ал Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжанов аталған бағдарлама нарықтағы баспана бағасының құбылуына әсер етпес үшін лимит енгізілгенін айтады. Бұған қоса, "100 млрд теңге бірден жылдың басында игеріліп кетпеуі үшін оны төртке бөліп, тоқсан сайын бөліп беру ұсынылды" дейді.

"Төртке бөлінді – [бір тоқсанға] 25 млрд теңге лимит бөлінді. Оның яғни, 25 млрд-тың осы күнге дейін 11 млрд теңгесі игерілді... Неге лимит енгізілді? Бәрі біртіндеп болсын. Бағдарламаның шарты бар. Несие тек пайдалануға тапсырылған үйлерге беріледі" деді Асан Ахметжанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардан аталған бағдарлама бойынша 40 мың өтініш түскен. Қазір сол өтініштер қаралып жатыр.

"7-20-25" жеңілдетілген ипотекасы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген бағдарламамен осы жылдар аралығында 65 мың адам үйлі болған.

Қазақстанда баспана – ең өзекті мәселелердің бірі. Билік тұрғын үйге мұқтаж жандарға арнап бірнеше бағдарлама әзірлеп, іске асырды. Дегенмен жұрт "нарықтағы үй қымбат", "пайыздық үстеме жоғары" екенін айтып, жиі наразылыққа шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG