Сирияның жанжал аймағындағы қырғыз азаматтары "Айкөл" гуманитарлық миссиясы аясында елге оралды. Бұл туралы 16 ақпанда Қырғызстан еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрлігі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, бейсенбі күні таңертең Қырғызстанға қонған арнайы ұшақтан 18 әйел мен 41 бала түскен. Оларды сыртқы істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің өкілдері алып жүрді.
"Мұндай ауқымды репатриация осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат – өте ауыр әрі қауіпті жағдайда қалған балаларды құтқару" деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Былтыр наурыз айында туыстары Сирияда қалып қойған қырғыз азаматтары баспасөз жиынын өткізіп, биліктен жақындарын елге қайтаруға қол ұшын беруді сұраған. Олар жақындары Сирияда "адам төзгісіз қиын жағдайда" тұрып жатқанын айтқан.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің 2018 жылғы мәліметі бойынша, 2013-2015 жылдары Сирияның қақтығыс аймағына 850 қырғыз азаматы барған, 150-і қаза болған. "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қосылған қырғыз азаматтарының шамамен 140-ы әйел екені айтылған.
Сириядағы қырғыз азаматтарын елге қайтаруға БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті де көмектескен.
Елге оралған балалар оңалту орталықтарында көмек алады.
Ирактағы босқындар лагерінде қалған 79 бала 2021 жылғы наурызда Қырғызстанға оралған.
ПІКІРЛЕР