Қарағандыда тұрғындардан құрылған бастама топ онлайн-петиция бастап, жылу электр орталығынан шығатын қалдықтарды төгетін орын салуға қарсы қол жинап жатыр.
Қарағандының Пришахтинск ауданы тұрғындары кеш болмай тұрғанда күл төгетін орынды тұрғын үйлерден аулақ жерге салуды талап етіп отыр. Пришахтинскіде мыңдаған үй бар, бастамашыл топ өкілдері қалдық төгетін орын өмірімізге кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Қазіргі кезде петицияға 2,5 мыңнан астам адам қол қойған және екі мың адам бастаманы онлайн мақұлдаған. Қол жинау жалғасып жатыр. Петиция Қазақстан президентіне арналған, себебі тұрғындар мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес дейді.
"Билік құрылысқа жер телімін бөлген кезде қайда қараған? Бәрін алдын ала ойластырып, қоғамның пікірін білуге болмас па еді? Біз күлге қақалғымыз келмейді, таза ауамен тыныс алғымыз келеді, бау-бақшамен айналысу мүмкіндігі болғанын да қалаймыз. Пришахтинск ауданында онсыз да өнеркәсіп нысаны көп. Бұған қоса, күл төгетін орын салына басталған кезде құдықтағы су жоғалып кетті. Ол жақта өзеннің арнасын өзгертсе керек" деді Азаттыққа бастамашыл топ өкілінің мүшесі Светлана Степанченко.
Қарағандыдағы экология қауымдастығы тұрғындардың қауіптенуіне негіз бар дейді. Олардың айтуынша, тұрғын үйлердің маңында күл төгетін орынмен бірге тұрмыстық қалдық төгетін жер де бар. Жел соқса, ауданды шаң басады дейді тұрғындар.
"Жоба құжатнамасын талдау алаңдаушылық туғызады: тұрғындарға ескерту берілмеді, жобаны талқылауға халық қатыстырылған жоқ. Жобада балама нұсқа қарастырылмаған, жобаның су ресурстарына әсеріне баға берілмеген. Халық денсаулығына әсері айтылмаған. Техногенді және табиғи апат болса, аумақ күл төгетін орыннан көп зиян шегеді. Аумақ экологиясына онсыз да көп салмақ түсіп жатыр" деді "ЭкоМузей" экология ұйымының өкілдері.
Үшінші жылу электр орталығы (ТЭЦ-3) – Қарағандыны жылумен және электрмен қамтамасыз етіп отырған негізгі мекеме. Күл төгетін орын 2021 жылы салына бастаған, соған байланысты қазір жұмыс істеп тұрған күл төгетін орын 2024 жылдан бастап жабылады.
"Күл төгетін ескі орын толып кетсе, қаланы жылумен және жарықпен қамтамасыз ететін ЖЭО-3 бір жылдан соң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Күл төгетін орынды жобалаған кезде және салған кезде экология нормалары сақталды" деді Азаттыққа "Қарағанды энергоорталық" мекемесі.
Бұған дейін тұрғындар шағымынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке күл төгетін орынды салған кезде халық пікірін ескеруді тапсырған, алайда тұрғындар өздерінен ешкім пікір сұрамағанын айтып отыр.
Қарағанды облысы әкімдігі тұрғындар шағымына қатысты түсініктеме бермеді. Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Дәурен Шәкеновтің айтуынша, бұл өндіріс өнеркәсіп орны болғандықтан, ол жаққа "бәрі орналастырылған".
"Күл төгетін орынның аумағы – 375 гектар. Сол себепті бізде одан басқа жер жоқ. Қазір тұрғындар жұмыс тобын құруға тиіс, одан кейін әкімдік олармен келіссөз жүргізеді. Егер технология сақталса, шаң көтерілмейді. Ал жер заңнамасы тұрғысынан қарасақ, жер телімі заңға сай берілген" деді Дәурен Шәкенов.
Күл төгетін орын тұрғын үйлерден жүздеген метр жерде орналасқан.